Инженер-мұнайшыларға арналған бос орын жәрмеңкесі өтті
2018 жылдың 13 сәуірінде Сәтбаев университетінде мұнайшы инженер студенттерден құралған SPE қоғамдастығы мен Тіркеу кеңсесі қаржылай көмек көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен «Каспий Петроконгресінің» аясында жыл сайынғы бос орын жәрмеңкесі өткізілді.
Осы жылы бос орын жәрмеңкесіне 45-тен астам компания қатысты, олардың ішінде Schlumberger, «ҚазТрансОйл» АҚ, Baitau Partnetrs, «Қазақмыс» корпорациясы, «Филипп Моррис Қазақстан», «Каспиймұнайгаз» ҒЗО, «Базис» құрылыс компаниясы, Бюро Веритас Казахстан, ILF Consulting Engineers, Борусан Макина Қазақстан, Ақтөбе рельс-арқалық зауыты және тағы басқа компаниялар болды.
Шараның ашылуы ТКҒ-ның акт залында университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ринат Искаковтың құттықтау сөзінен басталды. Сонымен қатар «Шеврон» компаниясының өкілдері, «Мұнай инженериясы» кафедрасының меңгерушісі, SPE президенті құттықтау сөзін сөйледі. Ашылу рәсімі Сәтбаев университетінің өнерлі студенттерінің күшімен ұйымдастырылған шағын концерттік бағдарламаға ұласты.
Жәрмеңке барысында Schlumberger компаниясының өкілдері мұнай мамандығының студенттері мен бітіруші түлектеріне шеберлік сағаттарын өткізсе, Ақтөбе рельс-арқалық зауытының өкілдері түлектерді жұмысқа алу мақсатында «Металлургия», «Логистика», «Материалдарды қысыммен өңдеу технологиясы» мамандықтарының студенттерімен өзара сұхбат жүргізді. Аталмыш іс-шараға белсенді түрде қатысқаны үшін компания өкілдеріне алғыс ретінде сертификат пен Satbayev University брендтік өнімдері бар сый-тартулар ұсынылды.
Бос орын жәрмеңкесі екі жыл қатарынан Петроконгресс аясында өткізілді. Аталмыш іс-шара жұмыс берушілер арасында үлкен мәртебеге ие, себебі оқу бітіруші көптеген түлектермен бірнеше сағат ішінде танысуға және компаниялардың әлеуетті қызметкерлер жайлы мәліметтер базасын толықтыруға мүмкіндік береді. Ал түлектердің мәртебелі компаниядан жұмыс жайлы тартымды ұсыныс алуға мүмкіндігі болады.