Қаныш Сәтбаевтың туғанына – 119 жыл!
12 сәуір күні – еліміздің ғұлама геолог-ғалымы, көрнекті қоғам қайраткері, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 119 жыл толып отыр. Осыған орай Сәтбаев университетінің басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, келген қонақтар және студенттер қауымы атақты ғалым ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойып, бір сәт еске алу рәсімін өткізді. Мұндай дәстүрлі іс-шаралар бүгінгі күні Қазақстанның барлық қалалары мен елді мекендерінде өтіп жатыр.
Академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев қазақ халқы мен Қазақстан тарихында ғылымның негізін қалаған көрнекті геолог-ғалым ретінде ғана емес, сондай-ақ өз заманының асқан сөз шебері, ойшылы және белгілі қоғам қайраткері ретінде де ерекше орын алады. Қазақ тау-кен ісінің бастау алып, жер қойнауын зерттеу ісінің қалыптасуы, Жезқазғанның дамуы академик Қ. Сәтбаевтың есімімен қаншалықты тығыз байланысты болса, ғалымның ғылыми еңбек жолы Қазақстанның экономикалық және рухани түрде дамуымен да соншалықты тығыз байланысты. Сәтбаев есімімен тіпті ғарышта «Сәтбаев» 2402 планетасы, жерде «сатпаевит» жаңа минералы аталған.
ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша ХХ ғасырдың соңғы жылы Қаныш Сәтбаев жылы деп жарияланған болатын.
Өз өмірін геология, тау-кен ісімен және металлургиямен байланыстырғысы келетін жас ұрпақ үшін көрнекті ғұлама ғалымның өмірі мен ғылыми қызметі үнемі үлгі болып қала береді.