Қазақстанда бактерицидтік жүйесі бар инновациялық ауа сүзгісі әзірленді: коммерцияландыру жобасы іске қосылды
Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ әзірлеушілер командасы тұрғын үй, білім беру, медицина және кеңсе ғимараттарындағы ауаны тазартуға арналған жаңа буындағы инновациялық ауа сүзгісін ұсынды. Жоба коммерцияландыру кезеңіне шығып, Қазақстанда сериялық өндіріске дайындалуда.
Жаңа сүзгі екі негізгі технологияны біріктіреді: ол қалқыма бөлшектерді, тұрмыстық шаңды, аллергендерді, саңырауқұлақ спораларын, жануар жүні мен көлемі 5–10 микронға дейінгі бөлшектерді тиімді ұстап қалады, ал жабық бактерицидтік шам адамдарға тікелей әсер етпей, бактериялардың, вирустардың және микробтардың ДНҚ мен РНҚ-сын бұзады.
Мұндай комбинация бюджеттік сүзгілерде сирек қолданылады, ал Қазақстан нарығында бұған ұқсас баламалар іс жүзінде жоқ. Әзірлеушілердің айтуынша, құрылғы үй-жайлардағы микробтық жүктемені тиімді азайтып, тыныс алу жолдары аурулары қаупін төмендетуге көмектеседі.
Алматы мен бірқатар ірі қалалар ауа сапасы бойынша ең ластанған қалалар қатарына тұрақты түрде енеді. Жоғары шаңдану және PM2.5 ұсақ дисперсті бөлшектер нормаларының жиі артуы жағдайында үй-жай ішіндегі ауа сапасы мәселесі аса маңызды бола түсуде.
Әзірлеме тұрмыстық шаңдануды, бактериялық және вирустық жүктемені, аллергендерді және балалар мен ересектердің денсаулығына төнетін қауіптерді азайтуға бағытталған.
Қазіргі кезеңде жоба келесі бағыттар бойынша өтуде: сынақтар мен зертханалық валидация, корпус құрылымын жетілдіру, сериялық өндіріске дайындық.
Қазақстанда өндірісті 60–70% дейінгі құрамдастарды жергіліктендірумен жолға қою жоспарлануда.
«Біздің мақсатымыз -адамдардың денсаулығы мен үй-жайдағы ауа сапасын жақсартатын қолжетімді әрі тиімді құрылғы жасау. Біз инновацияларды мектептерге, балабақшаларға, ауруханаларға және кеңселерге кеңінен қолжетімді етуді көздейміз. Жобаны коммерцияландыру Қазақстанға жетіспейтін өнімді нарыққа шығаруға мүмкіндік береді», -деп атап өтті жоба жетекшісі.
Жоба үй-жай ішіндегі ауа сапасын жақсартуға арналған заманауи шешімдерді енгізуге бағытталған ғылыми-технологиялық бастама негізінде құрылған. Команда құрамына ғалымдар, инженерлер, экологтар және конструкторлар кіреді. Технология ҚР санитарлық нормалары мен стандарттарына сәйкес келеді.



