Қосдипломды магистрлік бағдарламаның алғашқы түлектері диплом алды
2019 жылы 15 қарашада Сәтбаев университетінде «Жобаларды басқару» мамандығы бойынша магистратура түлектеріне диплом тапсыру рәсімінің салтанаты ресми түрде өтті. Қосдипломды бейінді магистратура бағдарламасы Валенсия политехникалық университеті (Испания) мен Сәтбаев университеті арасындағы ынтымақтастық байланыс аясында ұйымдастырылған болатын.
Түлектерге дипломдарды университеттің корпоративтік даму жөніндегі проректоры Бақытжан Бармағамбетов, ғылыми-білім беру қызметі жөніндегі проректоры Дильда Наурызбаева және Жобаларды басқару институтының директоры Алишер Алдашев табыс етті. Сондай-ақ түлектерді құттықтау үшін олардың туған-туыстары да келді.
– Менің ұлым магистратура бітіріп, қос бірдей диплом алып отырғанына шын жүректен қуаныштымын, – деді ата-аналардың бірі. – Ол үшін бұл өте қиын жол болғанмен, есте қалар қызығы да мол. Осындай тамаша сәттер сыйлаған Сәтбаев университетіне алғысымыз шексіз.
Жобалау менеджменті саласындағы қосдипломды білім беру бағдарламасы Сәтбаев университетінде 2018 жылы ашылды. Бұл бағдарламаға Сәтбаев университетінің «Экономика және бизнес» мамандығы бойынша магистр дипломын және Европа университеттерінің арасындағы ең беделді университеттердің бірі, Испанияның үздік университеттері қатарына жататын – Валенсия политехникалық университетінің «Master en Project Management» мамандығы дипломын алған 15 магистрант қатысты.
Оқу үрдісі Жобаларды басқару институтының (Project Management Institute, Пенсильвания, АҚШ) және IPMA (Жобаларды басқарудың халықаралық ассоциациясы) стандарттары бойынша өтті. Бұл стандарттар түлектерге халықаралық дәрежедегі жобалармен жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Курс бағдарламасы Сәтбаев университеті мен Валенсия политехникалық университетінің европалық стандарттарына сәйкес жасалған. Қосдипломды бейінді магистратура түлектері жаңа үлгідегі мамандар атанып, Қазақстанға қажетті тамаша білім мен тәжірибелерді меңгерген.