Магистратура мен докторантураға оқуға түсу үшін құжат қабылдау басталды
Ағымдағы жылы 1 қараша күні магистратураға түсу үшін екінші кешенді тестілеуге құжаттар қабылдау және докторантураға құжаттар қабылдау үрдісі басталады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
2021 жылдан бастап магистратура мен докторантураға қабылдау жылына екі рет жүргізіледі. Конкурсқа жазда грантқа түсе алмаған талапкерлер де, бұрын кешенді тестілеуден өтпеген үміткерлер де қатыса алады.
«Тестілеуден сәтті өткен жағдайда үміткерлер жазғы қабылдаудың соңында берілмей қалған гранттарды ұтып ала алады», – деді Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Құжаттарды қабылдау 2021 жылғы 1–15 қараша аралығында жүргізіледі. Кешенді тестілеу 2021 жылғы 18 қараша мен 11 желтоқсан аралығында өтеді. Тест нәтижелерін тестілеу аяқталғаннан кейін бірден білуге болады.
Магистратура мен докторантураға тіркеу 2021 жылғы 26 желтоқсан мен 2022 жылғы 10 қаңтар аралығында жүргізіледі.
Екінші кешенді тестілеуге қатысу үшін тіркелу Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жүзеге асырылады.