Мықты білім ошағы сенімді қолда: Сәтбаев Университеті мерейтойлық бірінші курс студенттерін қатарына қабылдады
Сәтбаев Университетінде болашақ ғалымдар мен инженерлердің мерейтойлық жаңа ұрпағын студенттер қатарына қабылдау рәсіміне арналған салтанатты іс-шара өтті. Кеш Қазақстан Республикасының әнұранымен және университет ректорының құттықтау сөзімен ашылды. Ректор Мейрам Бегентаев студенттерді оқу орнының 90 жылдық және академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы жылында еліміздегі ең көне техникалық университетке түсулерімен құттықтады.
Жиында университеттің құрметті қонақтары мен түлектері академик Досым Сүлеев пен профессор Ұлықпан Сыдықов сөз сөйлеп, 1-курс студенттерінің студенттер қатарына қосылғанын растайтын символикалық «Білім кілті» мен «Студенттік билет» табыс етті. Салтанатты іс-шарада университеттің еңбек сіңірген қызметкерлерінің жетістіктері жоғары бағаланып, марапатқа ие болғаны да атап өтілді.
Айтулы мереке студенттер үшін тек оқу жылының басы ғана емес, сонымен қатар университеттің тарихы және заманауи ғылыми үдерісімен танысуға мүмкіндік болды, ал «ғылыми жаңалықтар арқылы білім беру» – университет ұстанатын қағида болып табылады. Студенттер жиында өздерін үлкен отбасының бір мүшесі ретінде сезініп, Қазақстанның жетекші техникалық университетінің дәстүрлері мен жетістіктерін жалғастыру жолындағы өз жауапкершіліктерін сезінді.
Салтанатты жиын одан әрі концерттік бағдарламаға ұласып, онда белгілі ансамбльдер мен студенттік ұжымдар өнер көрсетті. Көпшілікке белгілі «NAIZA» тобы танымал авторлық шығармаларды орындаса, «Meir Band» тобы университеттен бастау алған әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің әндеріне құрмет көрсетті. Кеш университет хорының өнер көрсетуімен және қызықты дискотекамен аяқталды.
Бұл кеш бірінші курс студенттері үшін білім жолына, жаңалықтар мен жетістіктер жолына жасаған алғашқы қадам болды. Ұлы ғалымдардың үлгі-өнегесінен және Сәтбаев Университетінің бай тарихынан шабыт алған жастар Қазақстандағы ежелгі жоғары оқу орындарының бірінің дәстүрін жалғастыра отырып және ғылым мен техниканың дамуына үлес қоса отырып, өз өмірлерінің жаңа белесін бастауға дайын екендіктерін білдірді.