Ақпарат:

9 сәуір 2026 46
9

Никель өңдеудің қазақстандық технологиясы Пекин қаласында өткен халықаралық байқауда үздік үш инновация қатарына енді

Никель өңдеудің қазақстандық технологиясы Пекин қаласында өткен халықаралық байқауда үздік үш инновация қатарына енді

Сәтбаев университеті ғалымдарының әзірлемесі Пекинде өткен ең ірі халықаралық инновациялық конкурстардың бірі – Dongsheng Cup финалында 3-орын иеленді. Байқау Қытайдың жетекші технологиялық хабы – «Қытайдың Кремний алқабы» атанған Zhongguancun технопаркінде өтті. Конкурсқа ондаған елден 2000-нан астам жоба ұсынылып, финалға тек алты команда ғана шықты.

Қазақстан атынан байқауға Сәтбаев университетінің профессоры, БҰҰ-ның ресурстарды басқару жөніндегі сарапшылар тобының мүшесі Еркін Бектай қатысты. Оның жобасы «Ғылым қоры» АҚ-ның қолдауымен «KV Kazakhstan» стартапы арқылы жүзеге асырылып, тотыққан никель кендерін өңдеудің инновациялық технологиясын коммерцияландыруға бағытталған.

Жоба әзірлемесінің негізінде KVL-технологиясы (Kuvette Vat Leaching) жатыр – бұл әлемдік никель қорының 70 %-дан астамын құрайтын тотыққан никель кендерін селективті шаймалау әдісі. Технология кендерден және техногендік минералдық түзілімдерден маңызды металдарды бөліп алуға мүмкіндік береді. Бұл кендер тот баспайтын болат пен аккумулятор өндірісінде қолданылатын күрделі шикізатқа жатады, ал қолданыстағы технологиялар айтарлықтай капиталдық салымдар мен жоғары пайдалану шығындарын талап етеді.

Жаңа технология: капиталдық шығындарды 10 есеге дейін азайтуға, операциялық шығындарды 2–3 есеге төмендетуге, қиын байытылатын тотыққан никель кендерін және әртүрлі техногендік минералдық түзілімдерді өңдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жобаның Қазақстан үшін стратегиялық маңызы өте зор, себебі елде шамамен 200 млн тонна тотыққан никель кені шоғырланған, оның әлеуеті 2 млн тонна никельге дейін жетеді. Әзірлеушілердің бағалауынша, бұл технологияны өндіріске енгізу 15 жыл бойы ел экономикасына 20 млрд АҚШ доллары көлемінде пайда әкелуі мүмкін.

Бұл технология Қытай, Индонезия, Түркия және басқа да елдердің қызығушылығын тудыруда. Халықаралық қазылар алқасының сарапшылары бұл жобаның жоғары технологиялық жаңашылдығын, практика жүзінде қолданыс табатынын, экологиялық тиімділігін және өнеркәсіптік енгізуге дайын екендігін атап өтті. Бұл технологияның ауқымын кеңейту және оны өндіріске енгізу мәселелері бойынша қытайлық инвесторлармен және технологиялық компаниялармен байқау аясында келіссөздер жүргізілді.

Жобаның жүлделі орынға ие болуы қазақстандық ғылыми және технологиялық әзірлемелердің бәсекеге қабілетті екендігін дәлелдейді, сөйтіп еліміздің жаһандық жоғары технологиялар нарығындағы позициясын күшейтеді.

Тэги: SDG 9
Бұл материал Satbayev University-дің БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарына (UN 2030 Agenda for Sustainable Development) қосқан үлесі аясында дайындалды:
Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту