Өнеркәсіптік инженерия институтына жаңа директор тағайындалды
Қарашаның 22-күні Сәтбаев университеті Өнеркәсіптік инженерия институтының ұжымын жаңадан тағайындалған директор Бекнұр Омарбековпен таныстырды.
Бекнұр Омарбеков – Сәтбаев университетінің түлегі. Ол МІТ және Мюнхен университетінде тағылымдамадан өткен. «Индустрия 4.0» құзірет орталығын барқарған, сондай-ақ Қазақстан даму институтында қызмет етіп, экономикаға сандық технология енгізу жұмыстарымен айналысқан.
Таныстыру рәсіміне университеттің академиялық жұмыстар жөніндегі проректоры Ринат Искаков қатысып, жаңа директордың жоғары дәрежелі біліктілігін атап өтті және оған жаңа қызмет орнында сәттіліктер тіледі.
«Бекнұр Омарбеков өзіне сеніп тапсырған қызметті абыроймен атқарып, университеттің білім бағдарламаларын, ғылыми жобаларын сәтті түрде жүзеге асырады деп біз ректор екеуміз ойлаймыз», – деді Ринат Искаков өз сөзінде.
Ал Бекнұр Омарбеков университет басшылығына ризашылығын білдіріп, сенімдерін абыроймен ақтайтынын айтты, сондай-ақ өзінің атқаратын қызметі жайлы қысқаша баяндап берді.
«Маған институт директоры лауазымын сеніп тапсырғандары үшін Сәтбаев университетінің басшылығына зор алғыс білдіремін. Мен бұған дейін де көптеген компанияларда әртүрлі қызметтер атқардым. Менің жұмысым негізінен өнеркәсіптік инженерия, машина жасау ісін роботтандыру және өндіріске инновациялар енгізу жұмыстарымен тығыз байланысты. Еліміз экономикасына сандық технология енгізу жөніндегі Елбасының қаулысына орай, біздің мақсатымыз да – жаңа технологияларды барынша көбірек енгізіп, білім беру бағдарламалары бойынша жаңа жетістіктерге жету», – деді өз сөзінде Бекнұр Омарбеков.