Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысының жеңісі күнімен!
Құрметті әріптестер, студенттер, магистранттар мен докторанттар!
Сіздерді Отан қорғаушылар күні және Ұлы жеңістің 73 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Жыл сайын мамырдың алғашқы жайма шуақ күндері біз Қазақстанның Қарулы күштерінің құрылған күнін және халқымыздың қанды қол фашизмге тойтарыс берген тамаша ерлігі мен ұлы жеңісін аса құрметпен атап өтеміз.
Әйгілі Политехтың Әскери кафедрасы 1940 жылы құрылып, болашақ инженерлерді әскери дайындықтан өткізу үшін оның қызметкерлері сүбелі үлестерін қосқан болатын. Кафедраның алғашқы жетекшісі болған А. С. Дубиль Ұлы Отан соғысының ұрыс майданында қаза тапты. Соғыс жылдарында Әскери кафедра жетекшілігіне тағайындалған полковник Н. И. Осинский кафедраны Қазақстанның әскери кадрларын даярлайтын әскери ошаққа айналдырды. Сөйтіп кафедраның алты майталман түлектері өздерінің жауынгерлік ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.
«Еліміздің еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін өз өмірлерін отқа қиған батыр ата-бабаларының ерлігін қазақстандықтар мәңгі есте сақтайды», – деп атап өткен болатын Қазақстан Республикасының Жоғарғы Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Ата-бабаларымыздың ұрпақтан-ұрпаққа мұрагерлікке қалдырып кеткен даңқты ерлігі, қайрат-жігері, батырлығы, айбындылығы, патриоттылығы еліміздің бүгінгі күнгі жас ұрпағының қолында берік сақтаулы!
Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, әскер қатарындағы жауынгерлерді, Әскери іс институтының барлық қызметкерлерін осы даңқты да қасиетті мерекелерімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Әскери іс институтының бастығы Болат Керімжанұлы Дарбековты жаңа лауазымымен және кәсіби мерекесімен ерекше құттықтаймын!
Барлығымызға аманшылық пен береке-бірлік, ашық аспан тілеймін!
Игі тілекпен,
Сәтбаев университетінің Ректоры Ескендір Бейсембетов