Пәнаралық дөңгелек үстел «Алматы тау өзендері: қауіпсіздік, сәулет және экономика»
Т. Басенов атындағы Сәулет және құрылыс институтта Сәтбаев университетінде «Алматының тау өзендері: қауіпсіздік, сәулет және экономика» атты сарапшылық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара Алматының тау өзендері арналарын дамыту мен қайта құрудың заманауи тәсілдерін талқылау, сондай-ақ қала қауіпсіздігін арттыруға, экологиялық жағдайды жақсартуға және қалалық ортаны дамытуға бағытталған зерттеу бағыттары мен ықтимал практикалық шешімдерді айқындау мақсатында ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстел жұмысына ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік құрылымдардың, сәулет қауымдастығының өкілдері, сала мамандары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты: «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ, «К. Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институты» АҚ, ҚР ТЖМ Алматы қаласы бойынша ТЖД, «Қазселденқорғау» ММ, «Қазгидромет» РМК, «КБТУ» АҚ, «Алматы даму орталығы» АҚ және басқа да ұйымдар.
Іс-шара барысында гидрологиялық қауіпсіздік, өзен кеңістігін сәулеттік түрлендіру және қалалық өзендерді дамытудың экономикалық әлеуеті туралы баяндамалар жасалды.
А. Бараевтың «Omir Su» жобалық кеңсесінің басшысы ретінде ұсынған «Алматының тау өзендері – қауіпсіздік және экономика» атты баяндамасында гидрологиялық жағдайлардың және климаттың өзгеруіне байланысты заманауи сын-қатерлер, сондай-ақ қаланың қолданыстағы гидротехникалық құрылыстар жүйесін кешенді талдау қажеттілігі қарастырылды. Сәулет кандидаты В. Мусабаева ұсынған «Қалалық өзендердің жаңа сәулеті: әлемдік тәжірибе» атты баяндама қалалық өзендерді қайта жаңғыртудың және жағалау маңындағы қоғамдық кеңістіктерді қалыптастырудың заманауи тәсілдеріне арналды.Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің аға инженері Д. Тулебаев «Алматы қаласының сел қауіпсіздігі» атты баяндама жасап, қолданыстағы селден қорғау жүйесіне талдау ұсынып, оның одан әрі даму бағыттарын айқындады.
География және су қауіпсіздігі институтының зертхана меңгерушісі А.А. Турсунованың баяндамасында Алматы қаласының су және сел қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұзақ мерзімді шешімдер әзірлеу үшін жүйелі гидрологиялық зерттеулердің маңыздылығы атап өтілді.
Талқылау барысында дөңгелек үстелге қатысушылар қаланың бүкіл су жүйесін - Іле Алатауының мұздықтарынан бастап бассейннің жазық бөлігіне дейін - кешенді ғылыми зерттеу қажеттігін атап өтті. Су ресурстарын басқарудың заманауи тәсілдері өзендерді тек инженерлік нысандар ретінде ғана емес, сонымен қатар қаланың экологиялық инфрақұрылымының элементтері ретінде қарастыруды көздейтіні атап өтілді.



