Робототехниктер жапондық инновациялық өндірулер ашты
Жапондық «Сакура» ғылым алмасу бағдарламасы аясында «Робототехника және автоматиканың техникалық құралдары» кафедрасының 2- және 4-курс студенттері 21–27 қаңтар аралығында Жапониядағы Токай университетіне сапармен барды. Қазақстандықтар Жапонияның робототехника және қосымша технологияларды өңдеу саласы бойынша жетекші зертханаларды аралап, виртуалды шындық және Нинтендо құрылғысына арналған ойындармен танысты. Сапар соңында олар Ниссан автомобиль зауыты мен Robo care center зауытына барды. Айта кетейік, бұл зауыт қатты жарақат алған адамдарды экзоскелеттер көмегімен қайтадан қалпына келтіру жұмысымен айналысады.
Сапардың алғашқы күндерін студенттер Токиодан 50 км жерде орналасқан Шонан кампусында өткізсе, кейіннен Таканава кампусына ауысты. Студенттер де мұнда дәріс алып, тәжірибе сағаттарынан өтті, сөйтіп жапондық оқытушылардың қолынан өз оқу бағдарламалары бойынша тиісінше сертификаттар алды. Жапондық оқытушылар біздің студенттердің білімін жоғары бағалады.
Жапондық-азиялық «Сакура» ғылым алмасу бағдарламасы Орталық Азия елдері мен жапониялық жастар арасында өзара тәжірибемен және ақпараттармен алмасу үшін арнайы құрылған. Оның негізін қалаушылардың ойынша, бұл бағдарлама келешекте ғылым мен техника саласында шешуші роль атқаратын болады. Бағдарламаның келешегі өте зор, ол жастарды робототехника мен бағдарлама жасауға баулуға бағытталған. Осы бағдарлама арқасында Орта Азия студенттері Жапонияға барып, инновациялық жобалармен жұмыс жасайтын зауыттарды аралауға, сөйтіп халықаралық ғылыми байланысты нығайтуға мүмкіншілік алып отыр.