Студенттер Сәтбаевтың дара қасиеттерімен танысты
23 ақпан күні Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Сәтбаев университеті Тарихи мұра орталығының ұйымдастыруымен «Сәтбаев феномені» тақырыбында қызметкерлер, оқытушылар және студенттермен кездесуі өтті.
Орталық қызметкерлері, сәтбаевтанушылар Надежда Ниретина «Академик Каныш Сатпаев: прошлое, настоящее, будущее» және Аспандияр Өмірбеков «Сәтбаев және ұлт мәдениетінің дамуы» атты баяндама жасады. Кездесу барысында 1967 жылы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Академик Қаныш Сәтбаев» атты деректі фильм көрсетілді.
«Осындай деректі фильмдер көрсету үрдісі алдағы уақытта да жалғасын табады. Себебі кейінгі кездері жастардың рухани денгейінің жұтаң тарта бастауы Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласының жазылуына арқау болды. Ғұлама ғалым Қ.И. Сәтбаевтың өнегелі өмір жолы танымдық және тәрбиелік дәрістер арқылы жастар жүрегінен орын тауып жатса, нұр үстіне нұр. Бұл басқосуда сөз алған екі баяндамашы да Қ.И. Сәтбаевтың геология саласындағы ашқан Ұлы жаңалықтары туралы, ол тапқан қазба байлықтың Ұлы Отан соғысы кезіндегі рөлі жөнінде, ел экономикасы мен мәдениетін көтерудегі ерен еңбегі туралы тебірене ой қозғады.Терең энциклопедиялық білімге, жан-жақты зор дарынға ие болған біртуар тұлғаның жарқын істері әлі де еліміздің рухани өміріне мол игілігін тигізе бермек», – деп атап өтті Аспандияр Өмірбеков.