Студенттер Shell Eco marathon Asia кубогын университетке сыйға тартты
Shell Eco marathon Asia халықаралық жарысына Racing Team командасының құрамында қатысқан Сәтбаев университетінің студенттері жарыстан жеңіп алған кубокты университет ректоры Искандер Бейсембетовке сыйға тартты. Команда капитаны Әлібек Ибраим барлық ойыншылардың алдында кубокты ректорға табыс етті. Сәтбаев университетінің Racing Team командасы 2017 жылы энергия үнемдегіш жанармаймен жүретін автомобильдер жарысына қатысу үшін құрылған болатын. Команда осымен екі жарысқа – 2018 жылы Куала-Лумпурде (Малайзия) және 2019 жылы Сингапурде өткен жарыстарға қатысты. Сингапурде өткен жарыстың қорытындысы бойынша біздің команда қазылар алқасының сүйіспеншілігіне бөленіп, өз істеріне деген сенімділігі үшін арнайы Perseverance & Spirit of the Event Award сыйлығын жеңіп алды.
Shell Eco marathon – 80 жыл бойы дүние жүзі студенттері арасында өтіп келе жатқан халықаралық байқау. Байқауға қатысушылар «бір кесе жанармаймен» жүретін машина ойлап табулары керек. Аз ғана энергия жұмсап, ұзақ қашықтықты жүріп өтетін автомобиль жасап шығарған команда байқаудың жеңімпазы атанады. Жеңіс сыйлығымен қатар командалар «Ең үздік дизайн», «Үздік техникалық инновация», «Жарыстың рухы мен табандылығы үшін» және тағы басқа номинацияларда марапатталады.