Ақпарат:

15 қазан 2025 573

Студенттер үшін сын-қатерлер: Сәтбаев университетінде органикалық заттар технологиясы бойынша алғашқы салалық хакатон өтті

Студенттер үшін сын-қатерлер: Сәтбаев университетінде органикалық заттар технологиясы бойынша алғашқы салалық хакатон өтті

Сәтбаев университетінде алғаш рет «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» білім беру бағдарламасы бойынша студенттерге арналған хакатон өтті. Қазақстанның әртүрлі жоғары оқу орындарынан келген командалар 24 сағат бойы көміртексіздендіру, қалдықсыз технологиялар және мұнай-газ саласының экологиялық жаңғыртылуына қатысты нақты өндірістік міндеттерді шешумен айналысты.

Хакатонға арналған тапсырмалар мұнай-газ секторының кәсіпорындарымен, соның ішінде KPI, MEDEO Drilling және басқа да индустриялық серіктестермен бірлесіп әзірленді. Қатысушылардың жұмыстарын салалық сарапшылардан құралған қазылар алқасы бағалады, ал қазылар алқасының төрағасы болып Fluor компаниясының жобалық менеджері Нұрболат Бекетов сайланды.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 3–4-курс студенттерінің командалары нақты сынақпен бетпе-бет келді: олар өндірістік бағдарламалық жасақтама – Aspen HYSYS көмегімен химиялық процестерді тек модельдеумен ғана шектелмей, мұны Сәтбаев университеті алаңында өткізген 24 сағат ішінде жүзеге асыруға тиіс болды.

«Студенттер алғаш рет нақты өндірістік міндеттерді шешетін технолог рөлінде өздерін сынап көрді. Бұл оларға болашақта қандай кәсіби қиындықтарға тап болатынын және қазіргі мұнай-газ саласында қандай дағдылар сұранысқа ие екенін түсінуге көмектесті», – деді «Химиялық және биохимиялық инженерия» кафедрасының меңгерушісі Рауаш Маңғазбаева.

Студенттер үшін сын-қатерлер: Сәтбаев университетінде органикалық заттар технологиясы бойынша алғашқы салалық хакатон өтті

Командалар нақты технологиялық сызбаларды талдап, өндірістік процестерге арналған нақты инженерлік шешімдерді ұсынды. Сайыс қорытындысы бойынша Қазақстан-Британ техникалық университетінің «Atomic hearts» командасы жеңімпаз атанып, миллион теңге жүлдені ұтып алды. Кафедраның FLUOR компаниясымен бірге әріптестік қарым-қатынасының бастауында тұрған және Сәтбаев университетінде химия-технологиялық білім берудің дамуына зор үлес қосқан академик Еренғайып Шайхутдинов атындағы арнайы сыйлықты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің «Exothermix» командасы жеңіп алды.

Хакатонды «Химиялық және биохимиялық инженерия» кафедрасы мен хакатонның бас демеушісі және университеттің көпжылдық серіктесі – FLUOR Kazakhstan Inc. компаниясы бірлесіп ұйымдастырды. Сәтбаев университеті мен FLUOR компаниясы арасындағы әріптестік қарым-қатынасқа 20 жылдан асты, компанияның дәл осы қолдауының арқасында студенттер тамаша практикалық тәжірибе алу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай тәжірибеге негізделген жобалар жастардың инженерлік мамандықтарға деген қызығушылықтарын арттырып, Қазақстанның мұнай-газ секторында кадр тапшылығын шешуге септігін тигізеді.

«Алдағы жылдары елде жаңа ірі мұнай-химия нысандары ашылады, сондықтан осы салаға дайын мамандар қажет болады. Бұл хакатон болашақ инженерлерге өз қабілеттерін танытып, жұмыс берушілерден кәсіби баға алатын алаңға айналады деп үміттенеміз», – деді Рауаш Маңғазбаева.

Хакатонды өткізу Сәтбаев университетінде тәжірибеге бағытталған оқытуды дамытудың маңызды қадамына айналды және университеттің индустриялық серіктестермен байланысын нығайтып отыр. Осындай бастамалардың арқасында студенттер теориялық білімдерін практикада қолдануға мүмкіндік алса, жұмыс берушілер – болашақ инженерлердің кәсіби әлеуетін бағалай алады.

Ұйымдастырушылар мұндай хакатонды жыл сайын өткізілетін дәстүрлі іс-шараға айналдыруды жоспарлап отыр. Бұл – қазіргі заманғы мұнай-газ индустриясының сын-қатерлеріне төтеп бере алатын жаңа буын мамандарын қалыптастыруға бағытталған қадам болмақ.

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту