12 қыркүйек 2019 5282

Студенттік қауымдастықтар жәрмеңкесі

Студенттік қауымдастықтар жәрмеңкесі

Қыркүйектің 10–12 күндері Сәтбаев университетінде жыл сайынғы дәстүрлі «Қауымдастықтар жәрмеңкесі» өтті. Жылдағы әдетінше, жәрмеңке Бас оқу ғимаратының алдында өтіп, оған барлық бірінші курс студенттері қатысты. Олар мұнда бір-бірімен жақынырақ танысып, екі күн бойы көңіл көтерді, сондай-ақ өздерінің жандарына жақын ұйымдарға мүше болып кіріп, сабақтан бос уақыттарында шығармашылық өнерлерін шыңдамақшы болды.

Ал қауымдастық мүшелері әрқайсысы өз ұйымы туралы жарнамалап, әртүрлі ойындар мен ұтыстар ұйымдастырды және ұйымның қызметі жайында қызықтыра әңгімелеп берді.

Сұлтан, Студенттік шығармашылық орталығының «Generation of Qazaq» би командасынан:

– Студенттік шығармашылық орталығында би, вокал үйірмелері және оркестр бар. Әркімнің өз ұстазы мен хореографы бар. Мен бишілер тобын басқарамын. Университет қабырғасында өтетін әрбір мәдени іс-шараларға біз би даярлаймыз. Мысалы, SU Awards, ол байқауға былтырғы жылы біз бірінші рет қатыстық. Өз қатарымызға жаңа талантты жастарды жинап, университет тарихына ізімізді қалдырып кетсек дейміз.

Гүлдария, Technokrat интеллектуалды пікірсайыс клубы:

– Біз пікірсайысты қазақ және орыс тілдерінде жүргіземіз. Жыл сайын қалалық және республикалық пікірсайыс байқауларына қатысып тұрамыз. Байқауларда жеңіске жеткен студенттерге ақшалай сыйақы беріледі және турнирге баратын жол шығындарын университет өзі төлейді.

Ерасыл, Technokrat интеллектуалды пікірсайыс клубы:

 – Ең бастысы – біз жаңа достар табамыз. Мұндағы жастардың бәрі терең ойлы, белгілі бір арман-мақсатқа ұмтыла біледі. Қазіргі жастардың бойында бұл өте маңызды қасиет, өйткені көпшілігі өмірден өз орындарын таба алмай қиналады емес пе! Міне, пікірсайыс клубы тез арада дұрыс шешім қабылдауға, алға дұрыс мақсат қойып, соған жете білуге үйретеді.

Университет қабырғасында 10 шақты студенттік ұйым үнемі жұмыс жасайды. Олар – «Лига Волонтеров», «SAE», «SPE», «Satbayev Hunterz», «КВН» және пікірсайыс клубтары. Биылғы жылы «Step Kazakhs in the future», «4ARTer», тағы бірнеше ұйымдар жаңадан ашылды. Олардың ашылуына студенттер өздері ұйытқы болып отыр. Кез келген ұйымның құрамына дәл осы жәрмеңке күні немесе басқа күндері де кіруге болады. Есік әрдайым ашық.

Студенттік өмірлеріңіз қызықты да жарқын, есте қаларлықтай болсын десеңіз, Сәтбаев университетінің шығармашылық ұйымдарының біріне мүше болыңыз. Мұнда бойларыңыздағы өнерлеріңізді дамытуға және өз қабілеттеріңізді жаңа қырынан танытуға, сондай-ақ жаңа достар табуға мол мүмкіншілік бар.

Ұйымдар туралы толығырақ ақпарат

«Жас Отан»
«Нұр Отан» партиясының жастар қанаты университетте 8 жылдан астам қызмет етеді. «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері студенттер арасында әртүрлі байқаулар, жарыстар, депутаттармен және бизнес өкілдерімен кездесулер ұйымдастырып, смтуденттердің өмірін қызыққа бөлейді.

Пікірсайыс клубтары
Сәтбаев университетінде екі пікірсайыс клубы жұмыс істейді: Technokrat және Intellectual Debate Club. Technokrat клубы қазақ тілінде таза сөйлейтін студенттерге арналған. Ал Intellectual Debate Club – Алматы қаласында құрылған алғашқы пікірсайыс клубтарының бірі, оның 15 жылдық тарихы бар.

ENACTUS
Бизнесті дамытуға, студенттерді бизнеске баулуға бағытталған Коммерциялық емес халықаралық ірі ұйым. Сәтбаев университетіндегі бұл қауымдастықтың мүшелері әлеуметтік тақырыптағы өз жобаларын алға тартып, оның бағыты мен іске асыру мерзімін өздері бекітеді. Бұл орайда оларға кураторлары мен бизнес мамандары кеңес береді.  

Society of Automotive Engineers (SAE)
Бұл болашақ инженер мамандарға арналған клуб, мұнда студенттер инженерия мен жобалау саласында өз білімдері мен тәжірибелерін ортаға салады. Сәтбаев университетіндегі SAE – дүние жүзінің 97 мемлекетінде жұмыс жасайтын орасан зор қауымдастықтың кішкентай бір бөлімшесі ғана. Қауымдастық мүшелері инженерия саласын тереңірек зерттеп, үнемі семинарлар мен симпозиумдар, халықаралық байқауларға қатысып тұрады.  

Society of Petroleum Engineers (SPE)
Бұл – мұнай өнеркәсібіне қарасты техникалық мамандарды біріктіретін Коммерциялық емес халықаралық кәсіби ұйым. Сәтбаев университетіндегі SPE – Қазақстандағы ең ірі бөлімше, оның құрамында 1000 студент бар. Студенттер тек ғылыми жұмыстармен шұғылданып қоймай, сонымен қатар әртүрлі ғылыми-практикалық конференцияларға, жобалар байқауына, интеллектуалды ойындарға қатысады.

«Бәйшешек» студенттік әдеби-шығармашылық бірлестігі
Бұл қауымдастықтың 50 жылдан астам тарихы бар. Мұнда өнерге жақын талантты жастар өз шығармашылығын шыңдауға, өнерлерімен бөлісіп, мол тәжірибе жинақтауға келеді.

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту