Тамаша нәтиже: Сәтбаев Университеті әлемдік университеттердің QS World University Rankings 2025 рейтингінде 76 позицияға көтеріліп, 405-орынға ие болды
Биылғы QS World University Rankings рейтингіне дүние жүзінен 5 663 университет қатысты, оның ішінде 106 елден 1 503 университет қана үздіктер рейтингіне енді. Солардың ішінде Сәтбаев Университеті жаңа әдістемені ескере отырып, 76 позицияға көтерілді, сөйтіп рейтингтегі позициясын жақсартып, 405-орынға ие болды. Рейтинг нәтижелерін QS Quacquarelli Symonds (Ұлыбритания) халықаралық рейтингтік агенттігі 2024 жылғы 4 маусым күні жариялады.
Сәтбаев Университеті негізгі көрсеткіштер бойынша айтарлықтай көтерілді, атап айтқанда – академиялық беделі мен жұмыс берушілер арасындағы беделі жоғары болды. Бұл жоғары көрсеткіш университет өзінің даму жолында дұрыс бағытты таңдағанын тағы да растайды. Сондай-ақ біз шетелдік студенттердің саны мен жарияланым деңгейі бойынша да позициямызды нығайттық.
Сонымен қатар Сәтбаев Университеті QS World University Rankings By Subject 2024 жаһандық рейтингінде өз орнын сақтап қалды. «Data Science & Artificial Intelligence» (51–70-орын) және «Заманауи тілдер» (73-орын) пәндері алғаш рет ТОП-100 үздіктер қатарына кірді, сөйтіп біздің университет PenState, Сорбонна университеті, Киото университеті секілді әлемдегі ең үздік университеттермен қатар орналасты.
QS World University Rankings әлемдегі ең құрметті және ықпалды университеттердің Times Higher Education World University Rankings және World University Rankings секілді академиялық үш рейтингтің бірі болып табылады. Рейтингті британдық Quacquarelli Symonds (QS) компаниясы құрастырады.
Сәтбаев Университеті алдағы уақытта да білім беру қызметтерінің сапасын арттыру бойынша жұмысын жалғастырады, сонымен қатар шетелдік студенттерді тартуға, барлық студенттер үшін қолайлы жағдай жасауға және әлемнің жетекші университеттерімен бірге ғылыми жобалар жасауға белсенді түрде атсалысатын болады.