Университет басшылығы әлеуметтік желілердегі ҚДҚ аккаунттарымен байланысқа шықпауды ұсынады
Үстіміздегі жылдың мамыр айында ІІМ-нің органдары Қазақстан Республикасында қызмет етуге тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын қолдап, олармен байланысқа шыққан бірнеше студенттерді жауапқа тарту үшін ұстап алған болатын.
Бұған дейін республикалық прокуратура арнайы мәлімдеме жасап, Қазақстанда тіркелмеген бұл қозғалысқа қолдау көрсететін тұлғаларды қылмыстық жауапқа тартатынын ескерткен еді. Бұл қозғалыс экстремистік ұйым деп танылып, ол туралы пікір білдірген немесе оны қолдап пост жазған тұлғалардың іс-әрекеті ҚР ҚК-нің 405-бабына (Діни экстремизм мен терроризмді көздеген қоғамдық және діни бірлестікті немесе қызметіне сот арқылы тыйым салынған басқа да бір ұйымды ұйымдастыру және оған қатысу) сәйкестендіріледі. Ал ҚДҚ-на қолдау көрсеткені үшін тартылатын жаза – ақшалай айыппұл, тұтқынға алу немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылу да болуы мүмкін.
Осыған байланысты университет басшылығы қандай да бір ұйымға немесе топқа мүше болудан, әлеуметтік желілерде ҚДҚ туралы пост жазудан және басқа да ақпарат таратудан бас тартуды ұсынады.
Әлеуметтік желілерде ағаттықпен немесе білместікпен жазылған пікірлер үшін жауапқа тартылып, ол өміріңізге кері әсерін тигізуі мүмкін.
Сессия емтихандарын сәтті тапсырып, алдағы демалыстарыңызды қызықты өткізуге тілектеспіз! Жаңа оқу жылында аман-есен жүздесейік! Келе жатқан мерекелер құтты болсын!