Ақпарат:

20 желтоқсан 2022 4399

Жыл қорытындысы: Сәтбаев Университетінің ректоры 2022 жылға есеп берді

Жыл қорытындысы: Сәтбаев Университетінің ректоры 2022 жылға есеп берді

20 желтоқсан күні Сәтбаев Университетінің ректоры есеп беру мақсатында ұжыммен кездесті. Жиын барысында ректор Мейрам Бегентаев оқытушылар мен жұртшылық алдында жыл қорытындысын баяндап, сұрақтарға жауап берді.

Мемлекет басшысының Сәтбаев Университеті базасында инженерлік білім мен ғылымдағы жаңа технологиялардың ғылыми-зерттеу орталығын құру туралы тапсырмасы – осы жылғы маңызды оқиғалардың бірі болды. Бұл жоба мемлекеттік инвестициялық жобалардың қатарына енді, ал аталмыш тапсырманы университет ұжымының ғылымға сіңірген еңбегі деп мойындау керек.

2022 жылы Сәтбаев Университеті әлемдік үздік университеттер тізімінде 100 тармаққа көтеріліп, QS рейтингінде 405-орынға ие болды. Студенттерге қолжетімді білім беру бағдарламаларының саны да артты: қазір университет 117 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлайды, оның 96-сы сәтті түрде халықаралық және ұлттық аккредиттеу агенттіктерінде аккредитациядан өтті. Бағдарламаларды жаңартып, өзекті ету және Минор бағдарламасының санын көбейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Күміс университет өз жұмысын бастады, яғни келесі жылы күміс IT мамандарды даярлап шығарып, оларға  500 000 теңгеден айлық жалақы тағайындау жоспарлануда.

Жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – цифрлық университет қалыптастыру. Бұл бізге академиялық саладағы жетістіктерімізді кеңейтуге, онлайн білім беру нарығында ілгерілеуге және Орталық Азияның білім нарығына шығуға мүмкіндік береді. Болашақта университет үшінші тарап платформаларымен ынтымақтастық қарым-қатынасты да, өзінің әзірлемелерін де дамытады. Ал пандемия кезінде тиімділігін дәлелдеген Polytech-online платформасы осылайша одан әрі дами бермек. Ол білім сапасын арттыруға және еңбек нарығындағы өзгерістерге жедел ден қоюға ғана емес, сонымен қатар Life-long learning қағидатын жүзеге асыруға да – яғни өмір бойы білім алу қағидатын іске асыруға да көмектеседі. Polytech-online платформасымен қатар қазір SU электронды ақпараттық жүйелері де әзірленуде, ал бизнес-процестердің жұмысы жеңілдетіліп, электронды форматқа көшірілуде.

Жыл қорытындысы: Сәтбаев Университетінің ректоры 2022 жылға есеп берді

Университет қызметінің маңызды бағыттарының бірі – іргелі ғылымды халықаралық ынтымақтастықты дамытатын негіз ретінде дамыту. Ғылыми зерттеулер ұлттық зерттеу университетіндегі оқу процесінің құрамдас бөлігі болуын қамтамасыз ету үшін қазір университет жұмыла еңбек етуде. «Үштік спираль» моделіне сәйкес, Сәтбаев Университеті бизнес пен мемлекеттік органдардың мәселелерін шешу және анықтау жөніндегі ғылыми тәжірибені ұсынады және кәсіпкерлік қызмет үшін жағдай жасайды.

Университет ғалымдары 2022 жылы технологияларды коммерцияландыру конкурстарына қатысу үшін ұсынылған өтінім сандары рекордтық дәрежеге жетті. Нәтижесінде университет пен оған қарасты еншілес ғылыми ұйымдарға «Ғылым қорынан» жалпы сомасы 3 миллиард теңгеден астам 13 грант мақұлданды. Бұл бұрын-соңды болмаған тамаша жетістік еді. Жас ғалымдарды қолдау бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда: Политехтің жас ғалымдары арасында стартап байқаулары өткізіліп, гранттар тағайындалды. Университет тарихында алғаш рет өткізілген «Tech Startup 2022» байқауы университет студенттері мен қызметкерлері арасында бөлек-бөлек өтті. Келесі жылы стартаптар үшін экожүйені құру жұмыстары одан әрі жалғасады және ол қызығушылық танытқан барлық мүдделі университеттерге де таратылады.

Жыл қорытындысы: Сәтбаев Университетінің ректоры 2022 жылға есеп берді

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жоғары оқу орындарына түскен кірістің едәуір бөлігі патент арқылы келеді. Университет қабырғасында жасалған өнертабыстар санын арттыру мақсатында университет ғалымдарының гранттық қаржыландыру жобаларына және келісімшарттық зерттеулерге қатысуы белсендірілуде. 2022 жылы Ғылым комитеті бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру бойынша университетке жалпы сомасы 789 млн. теңге болатын 2 жобаны мақұлдады. Гранттық қаржыландыру конкурстарында жалпы сомасы 1 млрд 754 млн теңгені құрайтын 25 жоба жеңіске жетті, 36 патент алынды және осыншама патенттерге әлі де болса қолдау көрсетілуде. 2022-2024 жылдарға арналған «Жас Ғалым» жобасы бойынша жалпы сомасы 260 миллион теңге болатын 15 жоба ұтып алынды. Жас ғалымдар байқауына ұсынылған 4 жобаны жүзеге асыру аясында тағы да 280 миллион теңге алынады. Осылайша, 2022 жылы университет жалпы сомасы 2 миллиард 295 миллион теңгені құрайтын және 2024 жылға дейін мерзімі бар 44 жобаны жеңіп алды. Сондай-ақ университет ұжымы Ғылым комитетінің 2023–2025 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурстарының, «Жас Ғалым» бағдарламасы және «Жас ғалымдар байқауының» қорытындысын күтуде. Бұл жарыстардың қорытындысы 2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында шығарылады.

Мұндай ғылыми белсенділік басылымға шығу белсенділігінің өсу динамикасынан да көрініс тапты. Сапалы басылымдардағы жарияланымдар саны айтарлықтай өсіп, жоғары пайыздық көрсеткішке жетті. Ал университет бұл көрсеткішті одан сайын арттыруға мүмкіндік беретін жол картасын әзірледі. Осы мақсатта университет Elsevier және Clarivate Analytics компанияларымен бірлесіп, басылымдардың сапасы, «жыртқыш» журналдардың критерийлері және компанияға әсерлікті түзету бойынша семинарлар мен тренингтер өткізеді.

Тағы бір даму бағыты – халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағыты. Францияның Ұлттық геологиялық қызметімен кездесу ұйымдастырылып, Жаркент термальды су бассейнінің гидротермиялық әлеуетін дамыту жобалары және Қазақстан Республикасының су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жобалары таныстырылды. 2023 жылы ынтымақтастық қарым-қатынас жасау туралы ұсыныстар түсті. Шетелдік профессорларды шақыру, қос дипломдық бағдарламаларды құру және шетелдік университеттермен ынтымақтастықты кеңейту бойынша бағдарлама белсенді түрде жүргізілуде.

Жыл қорытындысы: Сәтбаев Университетінің ректоры 2022 жылға есеп берді

Университеттің инфрақұрылымы қаладағы ең ірілерінің бірі болып табылады. 2022 жылы «Халық банкпен» ынтымақтастықтың арқасында кампуста заманауи бейнебақылау және кіріп-шығуды бақылау жүйесі орнатылды, оның құрамында 14 турникет, барлық қызметкерлер мен студенттердің мәліметтер базасы және өзіндік техникалық сипаттамалары бойынша барлық қажетті талаптарға жауап беретін 269 камера бар. Жиналған барлық деректер Бірыңғай бейне орталығында сақталады да, кампустағы барлық жағдай сол арқылы тәулік бойы бақыланады және осылайша оның қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

Студенттік қалашықты жаңғырту жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде, университет кәріз желілері және сумен жабдықтау жүйелеріне айтарлықтай жөндеу жұмыстарын жүргізді. Университет ғимараттарының 40 000 шаршы метрден астамына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жаңа конференц-залдар, kitchen-room, co-working алаңдары, жобалық кеңсе, Ақсақалдар алқасының мәжіліс залы және т.б. алаңдар пайда болды. Кабинеттерге арналған барлық жиһаздар университеттің өзінде жасалады. Студенттердің тұрмыстық жағдайын жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Жатақханаларды жаңарту жұмыстары жүргізілуде: атап айтқанда, Ладыгин көшесінде орналасқан жатақхананың жобалық-сметалық құжаттамасына енгізілген өзгертулер төсек санын 290-нан 955-ке дейін көбейтуге мүмкіндік береді. Студенттердің тәжірибеден өтуіне қажетті жағдай жасау мақсатында Қапшағайдағы оқу полигонына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ондағы қонақ үй, асхана және тұрғын үй ғимараттары да жөндеуден өтті.

Университет қызметкерлерінің айлық табысын арттыру мақсатында оларға жаңа мүмкіндіктер, оның ішінде мансаптық өсу мүмкіндіктерін беру жұмыстары жүргізілуде. Халықаралық тағылымдамадан өту географиясы кеңейтілді, жаңадан құрал-жабдықтар мен шығын материалдары сатып алынып, қажетті инфрақұрылым жасалды.

Студенттердің өзін-өзі басқару әдісі университетті басқару жөніндегі тұтас жүйенің құрамдас бөлігі болып табылады және ол студенттік өмірді ұйымдастырудың ең маңызды функцияларын жүзеге асырады. Студенттер 19 студенттік деканды сайлады, жатақханаларда сайлау өтіп, студенттік кеңестердің төрағалары сайланды. Студенттер бірте-бірте университеттің қозғаушы күшіне айналуда: студенттердің бастамасымен университетте студенттік құрылыс отряды құрылып, Алматы қаласында және бүкіл республикада мәдени оқиғаға айналған бірқатар іс-шаралар өткізілді.

Жыл қорытындысы: Сәтбаев Университетінің ректоры 2022 жылға есеп берді

2022 жылы «Almaty clinic» студенттік емханасының ашылу рәсімі өтті, онда барлық қызығушылық танытқан студенттер мен қызметкерлер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында медициналық қызмет алады. Сонымен қатар далалық жұмыстар кезінде, университетте өтетін барлық спорттық және академиялық іс-шаралар кезінде медициналық қолдау көрсету студенттер мен қызметкерлердің денсаулығын сақтауға көмектеседі.

Есеп беру жиыны дәстүрлі түрде әлеуметтік желілер арқылы көрсетілді, ал Мейрам Бегентаев сөз соңында ұжым мен студенттерге 2022 жылғы нәтижелі жұмысы үшін алғыс білдірді:

– Баршаңызға, Сәтбаев Университетінің барлық қызметкерлеріне мың алғыс! Әсіресе біздің екінші үйіміз саналатын университет қабырғасында біз үшін жылулық пен жайлылықты қамтамасыз ететін әрбір жанға үлкен рахмет! 2023 жылы біз ғылыми белсенділікті арттырып, жоғары оқу орындары мен экономиканың тұтас секторларын экономикалық дамыту жөніндегі бастаманы іске қосуымыз керек. Біздің осы миссиямызды жүзеге асырудың басты кілті – цифрлық трансформация болып табылады! – деді ректор.

Қазақстанда цифрлық университеттерді пилоттық режимге енгізу – 2023 жылға арналған маңызды міндеттердің бірі. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтқандай, бұл жобаны жүзеге асыру үшін екі университет таңдап алынды.

– Біз жаңа ірі пилоттық жобаны – цифрлық университетті іске қосуды бастаймыз. Ол үшін екі университетті таңдап алуды жөн көрдік: бірі – республикалық деңгейде, екіншісі – аймақтық деңгейде. Ұлттық университеттер арасынан Сәтбаев Университеті, ал аймақтық университеттер арасынан Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті таңдап алынды, – деді министр.

Сәтбаев Университеті үшін цифрлық университет моделін енгізу жобасы шабыттандыратын бастама болмақ, өйткені цифрлық экономика құзыреттері мен цифрлық технологияларды енгізу – университет қызметі бағыттарының бірі болып табылады. Ал Политех бұл бағытта дамуға әрқашан да дайын!

Жыл қорытындысы: Сәтбаев Университетінің ректоры 2022 жылға есеп берді

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту