«Жыланы SU» командасы КВН премьер-лигасында ширек финалға шығып, Мәскеуде Сәтбаев университетінің атағын асқақтатты

Сәтбаев университетінің «Жыланы SU» КВН командасы Ресей астанасы Мәскеудегі беделді сахна төріне өздерінің оқу орны атынан ғана емес, бүкіл Қазақстан Республикасы атынан шығып, КВН премьер-лигасының 1/8 финалында сәтті өнер көрсетті. Көрсетілім қорытындысы бойынша команда құрметті екінші орынға ие болды, бұл жеңіс оған тікелей премьер-лиганың ширек финалына шығуға мүмкіндік берді. Енді келесі кезең 2025 жылдың мамыр айында өтеді.
Ойынға Ресейдің ең мықты командалары жиналды, атап айтқанда, Самара политехникалық институтының командасы (Самара), «Дон-Террикон» (Шахты), «Лонг-Айленд» (Мәскеу) және «Вишенка» (Нижний Новгород). Қиын да жоғары бәсекелестікке қарамастан, «Жыланы SU» командасы өздерінің әзіл-оспақтарын, сахналық харизмасын және жоғары ұжымдық үйлесімділігін танытып, тамаша өнер көрсетті.
«Жыланы SU» командасы Сәтбаев университетінің басшылығына қолдау көрсетіп, сенім артқаны үшін алғыс білдіреді. Команда университет студенттері мен Қазақстан жастарын шабыттандыра отырып, сенімді түрде финалға жол ашуда.
Ал біз командаға келесі турда сәттілік тілейміз, әрі жаңа да жарқын жеңістерге жете берсін дейміз!