Сәтбаев Университеті «Ұлттық кеңістіктік деректер қоры» филиалы базасында «Маркшейдерлік іс және геодезия» кафедрасының филиалын ашты
Сәтбаев Университеті академиялық және кәсіптік ынтымақтастықты нығайту аясында Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Геодезия және картография комитетінің Геодезия және кеңістіктік ақпарат ұлттық орталығымен «Ұлттық кеңістіктік деректер қоры» филиалының негізінде «Маркшейдерлік іс және геодезия» кафедрасының филиалын ашу туралы меморандумға қол қойды. Меморандумға университет ректоры Мейрам Бегентаев пен орталықтың бас директоры Медер Маселов қол қойды.
Студенттерді өндіріспен тығыз байланыстыра отырып оқыту – Сәтбаев Университетінің айрықша ерекшеліктерінің бірі. Университет өндіріс өкілдерімен бірлесе отырып, білім беру бағдарламаларын әзірлейді және жас инженерлердің болашақ жұмыс орындарында тікелей практикалық тағылымдамадан өтуінің ауқымды бағдарламасын ұйымдастырып отырады.
«Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығымен» ынтымақтастық ұзақ мерзімді ынтымақтастық қарым-қатынас қағидаттарына сәйкес құрылады және ол Қазақстан Республикасында білім беру сапасын арттыруға және геодезиялық саланы дамытуға бағытталатын болады.
«Ұлттық кеңістіктік деректер қоры» филиалының базасында «Маркшейдерлік іс және геодезия» кафедрасының филиалын ашумен қатар ынтымақтастық аясында геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласы бойынша жаңа бағдарламалар әзірленетін болады. Студенттердің курстық жұмыстары мен дипломдарының тақырыптары Орталықтың қажеттілігін көрсетеді, дуальды оқыту жүйесі енгізіледі. Сонымен қатар университет өндіріске арналған инновациялық шешімдерді әзірлеп, енгізеді және ғылыми тәлімгерлік институтын дамытатын болады.
Бұл іс-шара Сәтбаев Университеті мен Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығы арасындағы өзара іс-әрекетті нығайтуда маңызды қадам болып табылады, сөйтіп жоғары білім мен ғылыми-зерттеу саласында белсенді ынтымақтастық қарым-қатынасқа ұмтылысының дәлелі болды.