ACeSYRI Summer School 2025 қорытындылары: жасанды интеллект — қолжетімді, терең және тәжірибеге негізделген

2025 жылғы 9–19 маусым аралығында Satbayev University базасында жыл сайынғы халықаралық ACeSYRI жазғы мектебі сәтті өтті. Шара жас ғалымдар, түрлі саланың оқытушылары, фрилансерлер мен бизнестің жасанды интеллект технологияларын іс жүзінде пайдалануға мүдделі өкілдерін біріктірді.
Жазғы мектеп бағдарламасы экология, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіптік қауіпсіздік және уран өндірісі салаларындағы практикалық кейстерді қамтыды. Сонымен қатар қатысушылар жасанды интеллект негіздері, мәтін өңдеу мен сурет генерациясы, дыбыс, музыка және бейнемен жұмыс істеу, сондай-ақ ИИ этикасы секілді тақырыптармен танысты. Үйренетін модельдер ретінде сызықтық және логистикалық регрессия, нейрондық желілер негіздері қарастырылды. Терең оқыту аясында мәтін мен бейнелерді талдау жүргізілсе, үлкен деректермен жұмыс істеу барысында Apache Spark және MongoDB платформаларымен тәжірибе жасалды. Қазақ тілінде NLP және сөйлеуді тану бойынша арнайы модельдер дайындалып, бақылаусыз оқыту әдістері — өлшемділікті төмендету, кластерлеу және модельдерді бағалау тәсілдері қаралды.
Дәрістер мен практикалық сабақтарды Satbayev University жетекші профессорлары мен шақырылған тәжірибелі сарапшылар жүргізді. Атап айтқанда, профессорлар В.Б. Барахнин, Р.И. Мұхамедиев, А.Н. Молдағұлова, қауымдастырылған профессорлар Д.Б. Нұрсейітов, Д.Е. Айжұлов, Н.К. Мұқажанов, А.М. Қасенхан, А. Бекарыстанқызы және басқа да мамандар қатысып, өз білімімен бөлісті.
Жалпы саны 55 қатысушы білім алды. Қатысушылардың арасында Satbayev University, UniQ ғылыми-білім беру орталығы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Гумарбек Даукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, Еуразиялық технологиялық университет, Нархоз университеті сияқты ұйымдардың өкілдері мен тәуелсіз зерттеушілер мен фрилансерлер болды.
Жазғы мектеп терең білім мен зерттеуге негізделген қарқынды алаңға айналды. Бағдарлама жасанды интеллект негіздерінен бастап күрделі тақырыптарға дейін біртіндеп тереңдету қағидасымен құрылып, ғылыми баяндамалар, дәрістер, практикалық тапсырмалар мен топтық талқылауларды қамтыды. Әр күннің соңында практикалық бөлім мен менторлар жетекшілігімен өзіндік жұмыс жүргізілді.
Мектептің соңғы күні қорытынды сессия өткізілді, онда қатысушылар оқу нәтижелерін талқылап, сертификаттарға ие болды. Жобаның жабылуы марапаттау рәсімі, алғыс хаттар табыстау және ұжымдық фотосессиямен аяқталды.
«Жазғы мектеп жасанды интеллектке қызығушылықтың ғылыми ортада ғана емес, тәжірибелік салада да жоғары екенін көрсетті. Қатысушылардың белсенділігі мен бұл бағытта даму ниеті бізді қуантты», — деді мектеп ұйымдастырушысы, профессор Равиль Мұхамедиев.
ACeSYRI Summer School 2025 тәжірибесі жасанды интеллектті меңгеру тек теориялық біліммен шектелмей, заманауи құралдармен жұмыс, нақты міндеттерді шешу және түрлі сала мамандарымен бірлесе әрекет етуді талап ететінін көрсетті. Satbayev University бұл бастамаларды жалғастырып, болашақ білім беру жобаларына қатысуға барлық ниет білдірушілерді шақырады.