Академик Мұрат Жұрынов Алтын медальмен марапатталды
Сәтбаев университетінің ұжымы Сәтбаев университеті Директорлар кеңесінің Төрағасы Мұрат Жұрыновты орыстың көрнекті физик-ғалымы, Нобель сыйлығының лауреаты Петр Капицаның Алтын медалімен марапатталғанына орай шын жүректен құттықтайды. Ресей жаратылыс тану ғылым академиясы президиумының 25.01.2019 жылғы № 289 шешіміне сәйкес академик Мұрат Жұрынов металл электрохимиясы саласында ашқан ғылыми жаңалығы үшін аталмыш аса беделді марапатқа ие болып отыр.
Мұрат Жұрынұлы Жұрынов – кеңестік және қазақстандық көрнекті ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті, химия ғылымдарының докторы, Халықаралық инженерлік академияның және Нью-Йорк ғылым академиясының академигі. «Парасат» және І, ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері. 500-ден астам ғылыми еңбектер мен 92 өнертабыстың авторы.
Мұрат Жұрыновтың негізгі ғылыми еңбектері органикалық қосылыстардың әртүрлі класстардағы электрохимиялық қылықтары мен физиологиялық белсенді заттар электрохимиялық синтезінің жаңа әдістерін жасауға арналған. Ресей ғылым академиясының жоғары марапатына ие болған ғылыми еңбегі титанның сулы қышқыл ерітіндіде химиялық постэлектролиздік ерігіштік қасиетіне арналған.