Әлемді өзгертуді үйрену: Future 17 бағдарламасының түлектері өз жаңалықтарымен бөлісуде
Осыдан екі жыл бұрын Сәтбаев университетінде іске қосылған Future 17 бағдарламасы бүгінде өз нәтижесін көрсетіп отыр: қазір екінші түлектер легі бағдарламаны бітіріп шықты. Қатысушылар тек бірегей, әрі тамаша білім алып қана қоймай, экология, экономика және әлеуметтік тұрақтылық салалары бойынша өз жобаларын қалыптастырды. Бағдарламаның маңызды ерекшелігі – халықаралық менторлармен және шетелдік оқытушылармен тұрақты түрде жүргізілетін жұмыс, үнемі өтіп тұратын онлайн кездесулер және пәнаралық тәсіл.
Осы бағдарламаға қатысушылардың бірі – «Кадастр және жерге орналастыру» білім беру бағдарламасының студенті Айжан Айбергенова өзінің қатысу тәжірибесімен бөлісті:
«Мен Future 17 бағдарламасын таңдаған себебім – ол әлемнің жетекші университеттеріндегі халықаралық студенттермен өзара қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді. Бағдарламаға қатысудың арқасында менің жаһандық мәселелер туралы түсінігім айтарлықтай өзгерді: мысалы, экология саласындағы шешімдер экономика мен қоғамға тікелей әсер ететінін түсіндім. Сөйтсе де ол үшін әмбебап тәсілдердің жоқ екенін байқадым – Еуропада тиімді жұмыс істейтін шешімдер Азияда әрдайым қолданыла бермейді, өйткені оның бәрі мәдени және инфрақұрылымдық айырмашылықтарға байланысты.
Сондай-ақ ғылым мен бизнес және мемлекет арасында ынтымақтастық байланыс болмайынша, тұрақты даму мүмкін емес екенін түсіндім. Міне, Future 17 бағдарламасының басқа бағдарламалардан ерекшелігі осында: менторлардың күшті қолдауы және халықаралық оқытушылармен тұрақты онлайн кездесулер барысында жаһандық күн тәртібінің әртүрлі аспектілері талқыланады.
Бағдарламаға қатысу барысында мен зерттеу дағдыларымды дамытып, тапсырмаларды команда ішінде тиімді түрде бөлуді үйрендім. Бағдарлама менің болашақ мансабыма деген көзқарасымды да өзгертті – жаһандық мәселелердің ауқымын ішкі жағынан көрген кезде жауапкершілік сезімі пайда болады, тіпті бір адамның өзі оларды шешуге үлес қоса алатынын түсінесің.
Мен үшін ең қиын кезең – зерттеу жүргізу және ақпарат жинау болды, ал ең шабыттандырғаны – адамдармен қарым-қатынас жасау және халықаралық сарапшылардан үйрену мүмкіндігі. Сондай-ақ экологиялық білім беру мектептен басталуы тиіс деген қорытындыға келдім – жас ұрпақ табиғатты қорғау мен ресурстарды ұтымды пайдаланудың өте маңызды екенін ерте түсінуі қажет», – деді ол.
Студент атап өткендей, Future 17 бағдарламасы оған тек білім ғана емес, сонымен қатар практикалық дағдылар да берді. Оның командасының жобасы Жапонияда ағаш ресурстарын ұтымды пайдалану тақырыбына арналды. Зерттеудің негізгі мәселесі – «ыңғайсыз» деп аталатын ағаштың қиыншылығы болды: оның пішіні қисық, стандартты өнеркәсіптік өңдеуге келмейді. Соның нәтижесінде құнды ресурстың едәуір бөлігі не өртеледі, не оны пайдалану үшін қосылатын қосымша құны өте төмен болады.
Команда жаңа құн тізбегін қалыптастыруға негізделген тәсіл ұсынды: заманауи технологиялар мен дизайнерлік шешімдерді қолдану мұндай ағашты сұранысқа ие өнімге айналдыра алады, мысалы, премиум санатындағы жиһазға айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл ресурстардың шығынын азайтып қана қоймай, орман ресурстарын пайдаланудың неғұрлым тұрақты моделін қалыптастырады, жергілікті қауымдастықтарда жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді және экологиялық материалдарға деген қызығушылықты арттырады.
Осылайша Сәтбаев универсетіндегі Future 17 бағдарламасы жай ғана білім беру платформасы емес, жаһандық деңгейде ойлап, ғылым мен бизнес және қоғам мүддесіне сай әрекет ете алатын мамандардың жаңа буынын қалыптастыратын кеңістікке айналуда. Мұндай бастамаларға қатысу тек кәсіби дағдыларды ғана емес, сонымен қатар тұрақты дамуға бағытталған дүниетанымды да қалыптастыратынын бүгінгі түлектер дәлелдеп отыр.



