Алматы қаласында Қаныш Сәтбаевты еске алу рәсімі өтті
Алматы қаласында Қаныш Сәтбаевты еске алып, ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Бұл іс-шара алғашқы академиктің туған күніне орай Қазақстанда дәстүрлі түрде атап өтілетін Ғылым қызметкерлері күніне арналды. Жиынға ғылыми қауымдастық өкілдері, қала әкімдігінің өкілдері, мемлекет қайраткерлері және оқытушылар мен студенттер қатысты.
Мерекелік жиында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қ. И. Сәтбаев атындағы қордың төрағасы Алтынбек Нұхұлы сөз сөйледі. Олар геология, өнеркәсіп және Қазақстан ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың рухына тағзым етті. Сондай-ақ Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасы қазіргі ғылым мен технологиялардың дамуына берік негіз болып отырғаны, ғылым мен білімді және өндірісті біріктірудің маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Салтанатты жиынды ашқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов университет қауымдастығын кәсіби мерекемен құттықтап, Қазақстан Республикасы Президентінің құттықтауын жеткізді:
– 12 сәуір – Ғылым күні болып белгіленуі ғылыми қызметтің индустриялануына, сондай-ақ еліміз ғылымының қалыптасуы мен дамуына мықты серпін берді, – деді Абзал Нүкенов. – Ал Сәтбаев университеті академик Қаныш Сәтбаевтың ісін абыроймен жалғастырып, бұл бағытта айтарлықтай жетістіктерге жетті, сөйтіп болашақ ұрпақтың және қаламыздың зияткерлік әрі технологиялық әлеуетінің негізіне айналып отыр.
Ғылым күні – тек ұлы ғалымдардың рухына тағзым ету ғана емес, сонымен қатар қазіргі жетістіктермен таныстырып, даму стратегияларын айқындауға арналған маңызды алаң екені университетте ерекше атап өтілді. Еліміздегі алғашқы техникалық университет ретінде Сәтбаев университеті халықаралық ынтымақтастықты дамыта отырып, озық технологияларды өндіріске енгізу арқылы Орталық Азиядағы жетекші ғылыми-білім беру орталығы ретіндегі позициясын нығайтуды жалғастырып келеді.



