Алматыда nFactorial жазғы бағдарламалау лагерінің жабылу салтанаты өтті
11 тамыз – Қазақстандағы ең ірі IT-инкубаторы nFactorial мен «Шеврон» компаниясымен сериктестикте ұйымдастырған жазғы бағдарламалау лагерінің салтанатты жабылуы өтті. Лагерь 10 аптаға созылды және лагерь аясында еліміздің жас таланттары 100-ден астам бірегей веб-қосымшалар жасады.
Лагерьге қатысуға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Ресейден 4000 үміткер өтініш білдірді, оның ішінде бағдарламаға 200 үздік әзірлеуші шақырылды.
10 аптаның қорытындысы бойынша Инкубатор қатысушылары елде бұрын соңды жасалмаған web3 қосымшаларын, сондай-ақ Қазақстанның тарихы мен географиясын зерттеуге арналған ойындарды, қазақ музыкасы мен поэзиясын насихаттауға арналған қосымшаларды, экологиялық мәдениетті насихаттауға арналған қосымшаларды және басқа да көптеген әлеуметтік мәселелерді шешетін бағдарламаларды жасады. Финалда қазылар алқасына 20 үздік веб-қосымша ұсынылды.
Сарапшылар жобаның маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Барлығыңыз білесіздер, Президенттің «Ақпараттық технологиялар саласына қажетті 100 мың IT маманды даярлауымыз керек» деген үлкен бастамасы бар. Бұл бастамаға, бұл бағдарламаға еліміздің жоғары оқу орындары тікелей қосылады. Сондықтан да жаңа оқу жылында жүретін оқу бағдарламаларын осы бастамаға сай етіп жасауымыз керек, — деді Саясат Нұрбек.
Оны өндіріс өкілдері қолдады.
— Шеврон компаниясы Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвестор болып табылады. Біздің әлеуметтік инвестицияларымыздың негізгі бөлігі білім беру, денсаулық сақтау, экономикалық даму және экология салаларына бағытталады. Біз дарынды жастарымызды және өз тарапымыздан оларға білім мен IT саласын дамытуға көмек берегенімізді мақтан етеміз. Бұндағы балалардың барлығы тамаша стипендиаттар және еліміздің өркендеуіне деген сенімді нығайтады, — дейді «Шеврон» компаниясының Қазақстандағы әлеуметтік инвестициялар жөніндегі кеңесшісі Лейла Айтмұханова.
nFactorial Incubator — бұл жас бағдарламашыларға арналған 10 апталық жоғары деңгейлі, әрі қарқынды дайындық бағдарламасы. Бағдарламаның мақсаты — 10 000 кәсіби бағдарламашылардан тұратын арнайы жасақ құру және отандық IT қызметтерін экспорттау арқылы Қазақстан экономикасына 1 миллиард АҚШ доллары әкелу.
nFactorial инкубаторында жасалған барлық қолданбаларды мына жерден көруге болады