Алматының жасампаз болашағы: Сәтбаев Университетінде Қазақстанның жетекші сәулетшілері кездесу өткізді
Белгілі сәулетшілер, қала әкімшілігі мен құрылыс компанияларының өкілдері Сәтбаев Университетіне жиналып, еліміздегі тұңғыш техникалық университеттің қалашығын жаңарту мәселесін талқылады. Бұл кездесу университеттің 90 жылдығына арналып, оған «Алматыбасжоспар» ҒЗИ директорының ғылым жөніндегі орынбасары мен «KAZGOR» жобалау компаниясының бас сәулетшісі Тоқтар Ералиев қатысты.
Кездесу ҚР Құрметті сәулетшісі, Т.Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институтының директоры Болат Құспанғалиев жетекшілік еткен жұмыс тобының бастамасымен өтті. Бұл жұмыс тобы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сәтбаев Университетінің базасында жаңа технологиялардың ғылыми-зерттеу орталығын құру туралы жобасын жүзеге асырумен айналысады. Бұл жоба мемлекеттік-инвестициялық жобалардың қатарына еніп, ғылыми зертханаларды жөндеуден өткізуді, 3 жаңа оқу корпусын, екі жатақхана мен ғылыми-зерттеу технопаркін салуды көздейді.
Негізгі тақырып – университеттің шығармашылық кеңістігін қала тұрғындары мен қонақтары үшін толығымен ашық орталықтардың біріне айналдырып, Алматының қалалық кеңістігіне біріктіру болды. Қазіргі уақытта Сәтбаев Университеті кампусының құрамын негізінен 50–60-жылдары салынған ғимараттар құрайды – бұл ескі ғимараттар мен жатақханалар бұзылып, олардың орнына заманауи ғылыми және оқу ғимараттары салынады. Студенттер мен мұғалімдерге арналған инфрақұрылым жақсартылады, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ыңғайлылық қамтамасыз етіледі.
Кампустың бір бөлігін арт-жобалар қамтитын болады, атап айтқанда, университеттің солтүстігінде Масанчи көшесінде «Дос-Мұқасан» аллеясы, Сәкен Нарынов атындағы аллея және Бас оқу ғимаратының алдындағы ашық қоғамдық кеңістік Бұқар жырау бульварымен қосылатын болады.
– Ел біз үшін не істеді, қала біз үшін не істеді деп біз сұрамаймыз. Керісінше, біз ел үшін, қаламыз үшін не істедік деп сұраймыз», – деді кездесу барысында Сәтбаев Университетінің ректоры Мейрам Бегентаев. – Бұл біздің мақсатымыз. Бүкіл қаламыздың игілігі үшін таңдаған жолымызға сенімді болу үшін, біз сіздерден кәсіби қолдау сұраймыз.
Кәсіби сәулетшілер ұсынылған жобаларды жоғары бағалап, қолдау көрсетуге ниет білдірді. Әсіресе университетті қала кеңістігінің бір бөлігіне айналдыру мақсатында кампустардың бірін қалалық тұрғындар үшін ашық ету идеясы ерекше атап өтілді.
Сәтбаев Университеті – бүкіл елге танымал жоғары оқу орны. Өзінің 90 жылдық тарихында университет еліміздің жетекші салаларында, экономикада, ғылым мен мемлекеттік басқару ісінде жоғары жетістіктерге қол жеткізген 130 мыңнан астам инженерлерді даярлап шығарды. Оның базасында ғылыми-инновациялық хаб құру университетті бұдан да жаңа деңгейге көтеріп, еліміздің көптеген болашақ көшбасшыларына есік ашады.