22 қазан 2022 2440

Ардагер ғалымдар жас ұрпаққа мүмкіндіктер беруде

Ардагер ғалымдар жас ұрпаққа мүмкіндіктер беруде

21 қазан күні Сәтбаев Университетінде Жексенбек Әділов атындағы шәкіртақыны табыстау рәсімі өтті, аталмыш шәкіртақы бұл жолы «Құрылыс және құрылыс материалдары» кафедрасының студенті Үміт Русланқызына бұйырды.

Үміт Русланқызы – Т.Қ. Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институтының 3-курс студенті. оқу үздігі, ол жетім бала, атасы Қуанышпай Әділбековтің қолында басқа да іні-қарындастарымен бірге тұрады. Отбасында бес бала бар. Өмірдің қиындықтарына қарамастан, Үміт оқу кезінде кафедрада белсенді жұмыстар атқарады, олимпиадаларға қатысады. Ол Республикалық пәндік олимпиадада 1-орын, «Инженерлік механика» бейінді пәні бойынша Республикалық студенттік олимпиадада 3-орынды жеңіп алды.

Сәтбаев Университеті Үміттің алдына жаңа мүмкіндіктер ашып, оны ұзақ және табысты еңбек жолына бастауға әзір.

Жексенбек Әділов атындағы шәкіртақы конкурсын Т.Қ. Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институты «Тенгри» халықаралық инновацияларды қолдау және дамыту жеке қайырымдылық қорының қолдауымен өткізді. Шәкіртақы ғылым докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, республикаға еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ұстаз Жексенбек Мәкейұлы Әділовтің құрметіне тағайындалған.

Жексенбек Әділов В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының құрылыс инженері факультетін 1972 жылы бітірген. Өзі оқыған институтқа 2008 жылы ректор болып оралды. Осы қызмет барысында ол Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жанындағы «Мемлекеттік қызметшілерді оқытудың ұлттық орталығын құру» жобасы бойынша Дүниежүзілік банктің кеңесшісі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мемлекеттік инспекция және білімді ақпараттандыру департаментінің директоры, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры және Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры ретінде Қазақстанның білім беру жүйесіне көп еңбек сіңірді.

Жексенбек Әділов мемлекеттік қызметшілерді даярлаудың сапасын арттыру, білім саласын жаңғырту, ІТ технологияларды енгізу, білім беру сапасын арттыру және әлемдік білім кеңістігіне бірігу мәселелеріне ерекше көңіл бөлді.

Жексенбек Әділов ұйымдастыру және ғылыми-зерттеу жұмыстарын кеңінен жүргізеді. Оның ғылыми еңбектері 200-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік жұмыстарда, 10 монографияда, 17 оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарда жарияланған. Сонымен қатар ол 14 ғылым докторлары мен кандидаттарын, 30-дан астам магистранттарды дайындады және дүние жүзі бойынша көптеген халықаралық конференциялар мен семинарларда үнемі баяндамалар жасайды. Ғылым саласына, педагогикалық және ұйымдастырушылық қызметке сіңірген ерен еңбегі үшін Ж.М.Әділов Қазақстан Республикасының 2 орденімен және 8 медалімен, сондай-ақ Ресей мен Францияның ордендерімен және медальдарымен марапатталған.

Оның есімімен шәкіртақы тағайындау мақсаты – жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан дарынды студенттерді, ғылыми-зерттеу жұмыстарында үздік нәтиже көрсеткен, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын оқу озаттарын мадақтау және оларға әлеуметтік қолдау көрсету. Шәкіртақы демеушісі – «Tengri» халықаралық инновацияларды қолдау және дамыту қоры.

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту