Asian Shell Eco мaрaфoны 2019
Биылғы Asian Shell Eco марафоны Малайзия астанасы – Куала-Лумпур қаласында өтті. Бұл жарысқа Азия мен Океанияның 18 елінен 100-ден аса команда қатысты. Солардың қатарында Сәтбаев университетінің SU Racing Team командасы екінші рет қатысып отыр. Жалпы Қазақстан бойынша екі команда – Алматы энергетика және байланыс университеті мен Сәтбаев университетінің командалары қатысты.
Shell Eco Marathon – жыл сайын өтетін дәстүрлі жарыс, оның мақсаты – қоршаған ортаға зиян келтірмейтін және энергия үнемдегіш жанармаймен жүретін автомобильдер ойлап табу. Жарыстың негізгі үш кезеңі әлемнің үш аймағында – Америка, Европа, Азияда өтеді. Осы негізгі кезеңдердің жеңімпаздары Лондонда өтетін Shell Eco Marathon Drivers World Championship әлем чемпионатында өз арасындағы жеңімпаздарын анықтайды.
SU Racing Team (SURT) командасы Prototype Ethanol категориясында Prototype Taiburyl 3.0 болидімен жарысқа түсті. Болид алюминийден жасалған рама мен көмір талшықтарынан жасалған корпустан тұрады. 2018 жылы университет қабырғасында Әлібек Ибраимның басшылығымен алғаш рет композициялық материалдар зертханасы ашылған болатын, онда құрамы мен күрделілігі кез келген композициялық материалдарға зерттеу жүргізіледі. Зертхана автоклавпен, яғни композициялық материалдарды қыздыру мен оларды жасауға арналған арнайы пешпен жабдықталған. Қазіргі кезде зертханада көмір талшықтары, әйнек талшықтары, әйнек қосылған мақта, кевлар, препрег секілді материалдармен жұмыс жасалады. Көмір талшығынан жасалған корпус автомашинаның салмағын жеңілдетеді, бұл ерекшелік халықаралық жарыстарда жоғары бағаланады, әрі басқа елдерге тасымалдауға өте қолайлы. Ал жанармай ретінде оған этанол спирті қолданылады.
Asian Shell Eco Marathon 2019 жарысы 29 сәуірден 2 мамырға дейін белгілі Сепанг тасжолының бойында өтті, бұл жерде жыл сайын атақты «Формула-1» жарысының Гран-При байқауы өтеді. 11 адамнан тұратын біздің команда жарысқа толық қатысты, ал былтырғы жылы Сингапурдағы жарысқа небары 4 студент қатысқан болатын. Команда капитаны – Әлібек Ибраим, жарыс кезінде бірінші рет бас жүргізуші болып Аяулым Жақсылық атты қыз бала тағайындалды, ал екінші жүргізуші – Жандос Айсынов, екеуі де 4-курс студенттері. Корпусты жобалау мен жасау жұмыстарына Түстікбаев Мақсат пен Аманкелдинов Алишер жауап берсе, жүргізу бөліміне Ильясов Есжан, рама құрылысын дәнекерлеу мен модельдеу жұмыстарына – Сакиев Сырым мен Оразбеков Әлихан, қозғалтқышқа – Құрбатыр Рақымжан, ал бағдарламамен қамтамасыз ету және желі жұмыстарына – Сағи Нұрсұлтан, барлық керекті саймандарды сатып алу жұмыстарына – Амантай Ербол, матрица жасау мен оны модельдеу жұмыстарына – Қайыржан Мақаш пен Абрсил Аманжол жауап берді. Жастар жігерлене әрі қызыға жұмыс жасады.
Жарыстың қорытындысы бойынша біздің команда қазылар алқасының сүйіспеншілігіне бөленіп, өз істеріне деген сенімділігі үшін арнайы Perseverance & Spirit of the Event Award сыйлығын жеңіп алса, марафонның жабылу салтанатында жарыс Кубогына ие болып, 3000 AҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйлық алды.
Әлемдік дәрежедегі осындай ірі жарыстың жеңімпазы атану – Сәтбаев университеті үшін, тұтастай еліміз үшін ең жоғары жетістік, үлкен жеңіс болып табылады. Әсіресе «Машина жасау» факультетінің студенттері үшін бұл зор табыс, өйткені еліміздің Тұңғыш Президенті биылғы жылды – Жастар жылы деп атаған болатын. Ал SURT – осы халықаралық жарыста жоғары жеңіске ие болған Қазақстандағы бірінші команда.
Аталмыш марафон өзінің тамаша әсерлерімен есте қалатын болады. Біз мұнда көптеген жаңа достар таптық. Сондай-ақ басқа елдердің машина жасау технологиясымен танысып, мол тәжірибе жинадық. Халықаралық дәрежедегі мұндай жобалар команда мүшелеріне жаңа рух беріп, аз ғана уақыт аралығында кез келген мәселеде тезірек дұрыс шешім қабылдауға, сөйтіп мына құбылмалы дүниеде заман ағымынан қалмай, бірге қадам басуға үйретеді. Біздің команда әлі де талай-талай халықаралық жарыстарға қатысады. Алда бізді көптеген жеңістер күтіп тұр. Экологиялық таза жанармаймен жүретін машиналарды жасау өндірісін дамыту тұтас Қазақстанның шарықтап дамуына оң әсер етіп, сүбелі үлес қосады деп сенемін.
ӘЛІБЕК ИБРАИМ,
Сәтбаев университетінің 4-курс студенті