Бабалардың мұрасынан шабыт алған Nomad Game Jam қатысушылары ойын индустриясының болашағын құруда
Жас ойын әзірлеушілер Alikhan Bokeikhan University-нің The Best Juniors командасын құттықтауда, өйткені олар Алматы қаласында өткен «Nomad Game Jam SU 2024» бейнеойын әзірлеушілерінің республикалық фестивалінде жеңімпаз атанды. Сондай-ақ IT College (Инновациялық техникалық колледж) бен Murakami Cult (Funcode және De Montfort University Kazakhstan) командалары жүлделі орындарды өзара бөлісті.
«Nomad Game Jam SU 2024» – бұл әртүрлі саладан жиналған жас ойын әзірлеушілердің жылына бір рет өтетін қызықты командалық жарысы. Жарыстың негізгі шарты – қатысушылар 48 сағат ішінде жаңа ойын жасап үлгеруі тиіс, ал ойынның жүлде қоры 3 000 000 теңге. Фестивальға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Қазақстан Халық банкі» қолдау көрсетті. Фестивальды ұйымдастыруға атсалысқан барлық жас әзірлеушілер мен ерікті студенттер үшін Nomad Game Jam ұмытылмас тәжірибе болды. Олар өз ойларымен бізбен былайша бөлісті.
ҚБТУ-дан келген Сырым мен ХАТУ-нан келген Нурик: «Бәрі өте тамаша болды, көптеген жаңа таныстар таптық. Қазірдің өзінде біздің ойын әзірлеу тәжірибеміз өте мол – жақында өз жобамызды жариялаймыз. Десек те, мұндай фестиваль өзімізді көрсетуге жақсы мүмкіндік берді деп санаймыз».
Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясынан келген Дана мен Мария: «Біз болашақ суретшілерміз, бұл жарыс ойын әзірлеудегі алғашқы тәжірибеміз болды. Біз көшпенділер туралы көрнекі новелла жасаймыз деп шештік, бұл біздің іс жүзінде аяқтаған бірінші ойынымыз. Осы джемге келерде біз қорқынышты, әрі ыңғайсыз болатын шығар деп ойладық, алайда бәрі тамаша болды. Сол үшін де ұйымдастырушыларға үлкен рахмет!»
Сәтбаев университетінен Әнуар: «Бұндай іс-шараны мен алғаш рет ұйымдастыруым. Әрине, қиын болды, бірақ жалпы өз ісіме көңілім толды. Мен адамдармен сөйлескенде, өз-өзіме сенімдірек бола бастадым және әңгіме барысында талай бастама көтердім. Осылайша болашақта мен де джемге қатысамын!».
2024 жылғы байқаудың тақырыбы «Көшпенділер» болды. Қатысушылар дала оқиғасы тақырыбына ойын құрастырып, жұмыстың басында ұйымдастырушылар жариялаған нысандарды ойын барысында қолдануы тиіс еді. Мәреге жеткен 39 команда ерлік дастандарынан бастап, уақытқа саяхат жасауға дейінгі көптеген қызықты жобаларды ұсынды.
Жарыстың бес жобасы арнайы марапатқа ие болды. Атап айтқанда, «ERAIS48» (Ахмет Байтұрсынов атындағы мектеп-лицей, Астана қаласы) командасының жобасы – үздік мектеп жобасы аталды, ал «Rikar GS» (Инновациялық техникалық колледж) командасының жобасы – үздік білім беру жобасы ретінде марапатталды. Назарбаев Университетінің «Кашевары» командасы жаңашыл геймплей механикасы үшін, Астана қаласы IT университетінің «AITU Boys Band» командасы үздік визуалды стиль мен эффектілері үшін, ал Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Little Stars» командасы ең жақсы бейімделу мен ойынның тамаша сюжеті үшін жоғары марапатқа ие болды.
Қазылар алқасының мүшесі, RedPad Games студиясының ойын дизайнері Азамат Тоқпанов қатысушылардың жоғары деңгейін атап өтті:
– Қазақстанда шынымен де талантты әзірлеушілер жетіспейді, яғни ойын жасағысы келетін жас, өршіл, дарынды адамдар керек», – деді ол. – Ойын әзірлеуге қатысушыларға небәрі 3 күн уақыт берілді, ал қызықты ойын әзірлеу үшін, жақсылап дайындалу керек болды. Сондықтан үздік атанған авторларды біз тағылымдамадан өткізіп, олармен жұмыс істеуге дайынбыз.
Ал Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар институтының директоры Жұлдыз Кальпеева оның сөзімен келісе отырып, фестиваль қорытындысына дән риза екенін де атап өтті:
– Бұл джем бізде шынымен де ерекше нәрсені жасауға дайын көптеген талантты адамдар бар екенін дәлелдейді», – деді ол. – Ұсынылған ойындардың көпшілігінде үлкен нарыққа шығуға мүмкіндік бар, ал бүгінгі жеңімпаз авторлар жаңа қызықты идеялармен жұмыс істеуді жалғастырады деп сенемін.