Баян Рақышевтың мерейтойына арналған конференция өтті
2019 жылы 14–15 наурыз күндері Сәтбаев университетінде «4.0 Индустрия жағдайында минералды және техногендік шикізатты ұтымды пайдалану» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл конференция көрнекті ғалым, педагог, тәжірибелі ұйымдастырушы, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Баян Рақышұлы Рақышевтің туғанына 85 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Конференцияның барлық бес секциясына Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Германия Федеративтік Республикасы, Бельгия, Польша, Түркия, Украина, Өзбекстан және Қырғызстаннан 127 баяндама ұсынылды. Баяндамалардың авторлары тау-кен ғылымы саласындағы жетекші ғалымдар, ЖОО профессорлары, PhD докторанттары мен магистранттары.
Конференция аясында ҚР ҰҒА академигі, сәтбаев университеті «Тау-кен ісі» кафедрасының профессоры Б. Р. Рақышевқа құрмет көрсетілді. Конференцияда ҚР мәжілісінің төрағасы Н.Нығматтулиннің, Қарағанды, Қызылорда облыстарының, Алматы қаласының әкімдерінің, Сыртқы істер, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлерінің, РФ, Өзбекстан, Қырғызстан, Украина, ФРГ, Польша және т. б. елдердің өндіріс, жоғары оқу орындары мен ҒЗИ басшыларының құттықтау адрестері тапсырылды.
ФРГ-дан келген профессор К. Дребенштедт Фрайберг Бергакадемиясы техникалық университетінің ректорының профессор Баян Рақышевке пайдалы қазбаларды өндіру және халықаралық ынтымақтастық саласындағы ерекше еңбегі үшін «Құрметті кенші» атағын беру туралы шешімін жариялады. Университеттің алтынмен кестеленген эмблемасы бар «11» жеке нөмірлі халат берілді.
Конференция қатысушыларына Б.Р. Рақышев жайлы бейнеролик көрсетілді. Мерейтойлық іс-шаралар Еуразиялық ERG тобының «Қазхром «ТҰК» АҚ-ы демеушілік қолдауымен өткізілді.