Белгілі ғалым Асқар Сыздықов Сәтбаев университетінің ғылым жөніндегі Проректоры болып тағайындалды
«Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» КеАҚ директорлары кеңесінің шешімімен университеттің ғылыми-білім беру қызметтері жөніндегі Проректоры міндетін уақытша атқарушы Асқар Хамзаұлы Сыздықов 2020 жылғы 11 мамырдан бастап ғылым жөніндегі Проректор болып тағайындалды.
Сыздықов Асқар Хамзаұлы – тау-кен инженері, мұнай-газ саласының құрметті қызметкері, Сәтбаев университетінің профессоры, техника ғылымдарының кандидаты, PhD докторы. «ҚР құрметті зерттеушісі», «ҚР жер қойнауын зерттеудің үздігі», «ҚР мұнай және газ саласының құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, басқа да белгілермен, медальдармен және грамоталармен марапатталған. 50-ден астам ғылыми еңбектер мен өнертабыстардың авторы. КСРО, АҚШ, Канада, Жапония, Швеция, Германияның авторлық куәліктері мен патенттері бар.
В.И. Ленин атындағы ҚазПТИ-дің түлегі, 1993 жылдан бастап 2017 жылға дейін геология және мұнай-газ саласындағы әртүрлі өнеркәсіптік және басқарушы компанияларда еңбек етті, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жүйесінде түрлі деңгейлерде қызмет атқарды. Кабардино-Балкария гауһар тастар зауытының сериялық өндірісінде 30 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан «Алмаз бұрғылау саптамасын» (1988) құрушы. Сәтбаев университетінің Кен орындарын талдау және игеру жөніндегі халықаралық орталығының директоры, «Қ.И.Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институты» ЖШС-нің бақылау кеңесінің мүшесі.
Сәтбаев университетінің басшылығы мен қызметкрлері Асқар Хамзаұлын жаңа қызметке ауысуымен құттықтап, еңбегіне табыс және сәттіліктер тілейді!