«Бірлік – ұлттық құндылық»: университетте мәдениетаралық диалог дәріптелді
Наурыз мерекесінің қарсаңында қазақ және орыс тілдері кафедрасы «Бірлік – ұлттық құндылық» атты мерекелік кеш ұйымдастырды. Шара студенттердің достығын айқын көрсетті және көпұлтты қоғамымыздың бірлігін атап көрсетті.
Атап айтқанда, өзге ұлт өкілдері мен шетелдік студенттердің қазақ тілінде өнер көрсетуі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуі инклюзивті әрі сапалы білім беру жүйесінің нәтижесін көрсетсе, түрлі мәдениеттердің бір арнада тоғысуы қоғамдағы теңсіздікті азайтуға және этносаралық келісімді нығайту арқылы бейбітшілікті орнатуға тікелей ықпал етеді. Түрікменстан, Әзірбайжан, Ресей, Араб елдері, Бангладеш, Ауғанстан, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б. елдердің студенттерінің қатысуымен өткен бұл кеш мәдениетаралық серіктестіктің озық үлгісін көрсетіп, университеттің әлеуметтік жауапкершілігін айқындай түсті.
Кештің басты кейіпкерлері — университетімізде білім алып жатқан өзге ұлт студенттері болды. Олар қазақ тілінде ән шырқап, жыр оқып, өз халықтарының билерін ұсынды. Сонымен қатар, студенттер дайындаған арнайы бейнероликтер арқылы Наурыз мейрамының заманауи қоғамдағы мәні мен рухани сабақтастығы талқыланды.
«Бұл кеш — тек мерекелік бағдарлама емес, бұл — түрлі мәдениеттер тоғысқан, достық пен өзара түсіністік салтанат құрған тағылымды алаң. Бірлік бар жерде — береке бар», — деп түйіндеді ұйымдастырушылар.
Кафедра алдағы уақытта да студенттердің мәдени және тілдік құзыреттілігін арттыру бойынша жұмысын жалғастырып, тұрақты даму мақсаттарының принциптері мен құндылықтарына сүйенуді жоспарлап отыр.



