«Біз біліктілік пен беріктік сынынан сүрінбей өттік»: Мейрам Бегентаев университет ұжымы алдында есеп берді
«Енді біз бұдан да жоғары жетістіктерге жетуге мүмкіндік беретін «Болашақтың жоспарын» құрамыз», – деді Сәтбаев Университетінің ректоры Мейрам Бегентаев Қазақстандағы тұңғыш техникалық университеттің ректоры қызметіне бір жылдық есеп беруге арналған баяндамасында. Мейрам Мұхамедрахимұлы өз сөзінде ұжымның қол жеткізген нәтижелеріне тоқталып, проблемалық бағыттарды, сондай-ақ университет жұмысының басты мақсаты – республикада жоғары техникалық білім беру сапасын қамтамасыз ету жолындағы алдағы қадамдарды анықтап берді.
Сонымен қатар ректор қаңтар оқиғасы кезінде және дәстүрлі білім беру форматына қайта оралу сынды сынақтарға университетіміз төтеп бере алғанын, сондай қиын сәттерде ұжымымыз одан сайын біріге түсіп, барлық қиындықтардан абыроймен шыққанын, сөйтіп кәсіби біліктілік пен беріктік сынынан сүрінбей өткенін атап өтті.
Сәтбаев университеті оқу орнының негізгі даму мақсаттарын жаңартты және қызметкерлер ғылыми қызмет пен жоғары білікті инженер кадрларын даярлаудың сапасына көбірек көңіл бөле бастады. Университет студентке бағытталған оқыту қағидаттарын қолдана бастады, сөйтіп жұмыс берушілер талап ететін ең қажетті білім мен дағдыларды студенттер меңгеріп шыға алатын бағытқа қарай оқу процесін бұруға мүмкіндік алды.
Университет сонымен қатар академиялық үдерістер мен әдістерді ғылыми қызметке қарай бұра бастады. Өйткені университеттің ғылыми зерттеулері оқу үдерісінің бір бөлігі болып қана қоймай, қоғам алдында тұрған өзекті мәселелерді шешуі тиіс – бұл алдыңғы қатарлы зерттеу университетінің негізгі критерийлері.
Сәтбаев Университетінің әлеуметтік-мәдени саласы студенттер мен оқытушыларды университетті басқару жұмысына тартуға бағытталғандықтан, университетте өзін-өзі басқару және басқарудың ашықтығы жоғары деңгейге көтерілді. Бұл университеттің халықаралық аккредиттеу агенттіктеріндегі позициясын айтарлықтай жақсартуға және елдегі үздік университтердің бірі болып жаңа ұжымдық шартқа қол қоюға мүмкіндік берді. Студенттік кеңес төрағаларының бастамасымен және инвесторлардың көмегімен университет жанынан жан-жақты қызмет көрсететін, жақын маңда орналасқан университеттік емхана ашылды.
Сонымен қатар университетте студенттер мен қызметкерлердің оқуы мен демалысы үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде, атап айтқанда, қызметкерлердің күш-жігерінің арқасында және инвесторлар есебінен ТТК ғимараты күрделі жөндеуден өтті, студенттердің шығармашылық қызметіне арналған Досым Сүлеев пен Ұлықпан Сыдықов атындағы шығармашылық орталықтар ашылды, Қапшағай қаласындағы практикалық базаны қалпына келтіру жұмыстары аяқталуда, жатақханаларда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Осы жыл ішінде қыруар жұмыстар атқарылды, бірақ алда әлі де талай міндеттер бар. Болашақта Сәтбаев Университеті салалы министрліктермен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, көбірек жұмыс істейтін боламыз, халықаралық ғылыми қорлардың гранттарын тартуды және халықаралық ғылыми жобаларға қатысуды жоспарлап отыр.
Бұның бәрі университетке әлемнің жетекші зерттеу университеттерімен ынтымақтастық орнатуға, оқу жоспарларын жаңартуға және қос дипломдық бағдарламаларды құруға мүмкіндіктер ашады, сөйтіп университетті болашағы зор жастар үшін, дарынды ғалымдар мен оқытушылар үшін тартымды етеді.
Жаңа мақсаттарға тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана қол жеткізуге болатынын ректор баса айтты. «Біздің жеңісіміз – бірлікте», – деді Мейрам Бегентаев сөз соңында.