Дөңгелек үстел: «Ғасырлар тоғысында: Әл-Фараби мен Әл-Машани»
2020 жылы 3 наурыз күні Сәтбаев университеті Әл-Машани атындағы Базалық білім беру институтының Қоғамдық пәндер кафедрасы Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай «Ғасырлар тоғысында: Әл-Фараби мен Әл-Машани» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстелге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Әл-Фараби орталығының директоры, филос.ғ.к., доцент Мейірбаев Бекжан Берікбайұлы, фарабитанушы және машанитанушы СадақбаеваГүлсім Едресқызы, Сәтбаев университетінің Маркшейдерлік іс және геодезия кафедрасының профессоры, академик Нұрпейісова Маржан Байсанқызы және Әл-Машани атындағы Базалық білім беру институтының профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты.
Іс-шараны жүргізген модератор, Қоғамдық пәндер кафедрасының меңгерушісі Ақатаева А.А. өз сөзінде қазіргі жастар арасында тарихқа деген, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылықтың өсіп келе жатқанын ерекше атап өтті. Өзекті тақырыптар ішінде осы кездесу тақырыбы да жиі аталды.
Кемеңгер энциклопедист-ғалым, гуманист, ғылыми-техникалық білімді насихаттаушы, Қазақстанға зор еңбек сіңірген қайраткер Әл-Машани Әл-Фараби есімін бүкіл әлемге паш етті. Машанов Ақжан аралас ғылымдарды, атап айтқанда, геология, механика, тау-кен ісі ғылымдарын өз зерттеулерінде кеңінен қолданып, оларды насихаттаумен де айналысты.
Мейірбаев Бекжан өз сөзінде өтіп жатқан іс-шараның маңыздылығын жоғары атап өтті. Базалық білім беру институты Әл-Машанидің есімімен аталады, ал Әл-Машани 1956 жылы Әл-Фараби мұрасын зерттеу жұмыстарын бастаған болатын.
Дөңгелек үстелге қонақ ретінде қатысқан Сәтбаев университетінің Маркшейдерлік іс және геодезия кафедрасының профессоры, академик Нұрпейісова Маржан Байсанқызы университеттегі Ақжан Машани кабинетінің негізінде ғалымға арнап орталық ашу қажеттігіне жұртшылықтың назарын аудартты.