«EduFusion NSG: Сәтбаев университеті инженерлік білім берудің жаһандық желісінде»
Сәтбаев университеті Erasmus+ бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан EduFusion NSG халықаралық жобасына белсенді қатысуда. Жобаның мақсаты – Қазақстанда инженерлік білім беруді жаңғырту және кәсіпкерлік құзыреттерді дамыту. Университет бұл бастама аясында индустриялық серіктестер мен ұлттық ұйымдармен күш біріктіріп, инновациялар мен кәсіби өсімге берік негіз қалайды. Бүгінде Сәтбаев университетінің 35 оқытушысы enterprof.org платформасында халықаралық ENTER тізіліміне тіркелу үстінде, олардың ішінде 10 педагог Engineering Educator мәртебесін растайтын сертификатқа ие болды.
Сертификация бес деңгей бойынша жүргізіледі: Educator, Effective Educator, Outcomes-based Educator, Scholarly Educator, Education Researcher. Әр деңгей оқытушының кәсіби және ғылыми дамуын, жобаларға қатысуын, жарияланымдарын және инновациялық әдістемелерді енгізуін көрсетеді. Оқытушылар үшін ENTER сертификаты – халықаралық ресми мәртебе, ол конкурстарға қатысуда, аттестацияда, гранттарға өтінім беруде және халықаралық желілерге қосылуда олардың позициясын күшейтеді. Университет үшін сертификатталған педагогтардың болуы аккредитация кезінде, QS рейтингтерінде және серіктестермен жұмыста маңызды дәлел болып табылады, білім беру сапасы мен кадрлық саясаттың жоғары деңгейін көрсетеді.
Сертификатты түйіндемеде, ORCID, LinkedIn платформаларында көрсету және халықаралық жобаларға өтінімдер мен аккредитациялық құжаттарда пайдалану ұсынылады. EduFusion NSG жобасына қатысу инженерлік білім беруді дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады, оқытушылардың кәсіби өсуін кеңейтеді және Сәтбаев университетінің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.



