4 мамыр 2023 4170

Ең басты ҰБТ-ға қатысуға өтініш қабылдау басталды

Ең басты ҰБТ-ға қатысуға өтініш қабылдау басталды

Мамыр айының басталуымен бірге Қазақстанда негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысуға өтініштер қабылдау басталды, ол 14 мамырға дейін жалғасады. Тестілеу 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің шешімімен 2023 жылы талапкерлер ҰБТ-ны 2 рет тапсырып, үздік шыққан нәтижемен гранттық байқауға қатыса алады.

ҰБТ-ға тіркелу үшін, Ұлттық тестілеу орталығының сайтындағы өтінішті толтыру керек. Тіркеу бірнеше кезеңде өтеді: I кезең – 28 сәуір мен 6 мамыр аралығында, II кезең – 7-14 мамыр аралығында өтеді. 

Тестілеу күнін, уақыты мен оның өтетін орнын талапкерлер өздері анықтайды. Олар осы екі тестте де бейінді пәндердің бірін ғана таңдай алады.

Тест форматы биыл өзгерген жоқ. Пәндердің саны да өзгеріссіз қалды – үш міндетті пән және екі пәннен таңдау бойынша тапсырады, тестте барлығы 120 тапсырма бар. Оның 20-сы – Қазақстан тарихынан, 15-і – оқу сауаттылығынан, 15-і – математикалық сауаттылықтан болады. Екі бейінді пәннен 35 тапсырма болады.

Тест тапсыруға жалпы 4 сағат (240 минут) беріледі. Сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін талапкерлерге қосымша 40 минут беріледі.

Негізгі жаңалықтардың бірі – 2023 жылдың қаңтар айынан бастап білім беру бағдарламаларының «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» топтарына түсетін талапкерлер ҰБТ-ны «Математика–Информатика» комбинациясы бойынша тапсырады. Бұрын олар «Математика–Физика» бойынша тапсырушы еді.

ҰБТ – жоғары оқу орындарына түсуге дайындалып жүрген мектеп түлектері үшін маңызды кезең. Тест нәтижелері мемлекеттік білім беру гранты бойынша жоғары оқу орындарына түсу кезінде негізгі критерийлерінің бірі болып саналады. Сондықтан Ғылым және жоғары білім министрлігі сынама онлайн-тестті тегін ұйымдастырып отыр және сол тест тапсырмаларын құрастыруда қолданылған әдебиеттер тізімі мен тест жоспарын да жариялады. Бұл ҰБТ-ға дайындалуға үлкен көмек болары сөзсіз.

Сонымен, ҰБТ-ға ертерек тіркеліп, оған жақсылап дайындалыңыздар! Сіздерге сәттілік тілейміз! 

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту