Ақпарат:

3 сәуір 2019 8882

«Ер Едіге» дастанын жатқа айтқан жеңімпаздар марапатталды

«Ер Едіге» дастанын жатқа айтқан жеңімпаздар марапатталды

Сәтбаев университетінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына және университетіміздің 85 жылдығына орай Қазақ және орыс тілдері кафедрасының ұйымдастыруымен 21 ақпан Халықаралық ана тілі күні басталып, 21 наурыз қарсаңында аяқталған «Ер Едіге» батырлық дастанын жатқа айту байқауы қорытындыланып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі болып өтті.

Едіге – Алтын Орда хандарының ықпалды, кемеңгер кеңесшісі, Дешті қыпшақ даласының бейбіт өмірі үшін күрескен ірі әскербасы, тарихта белгілі тұлға. «Едіге» дастаны қазақтарда ғана емес, түркі тілдес халықтардың біразында кездеседі. Академик Қ.И.Сәтбаев жас кезінде ел аузынан жазып алған жыр нұсқасының алғы сөзін жазып, 1927 жылы Мәскеуде «Ер Едіге» деген атпен бастырған. Кітаптың алғы сөзі қазақ эпосының түп тамыры, идеялық көркемдік құндылығы жөніндегі бағалы әдебиеттік зерттеу болып табылады. Кейін бұл кітап 1995 ж. қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып жарық көрді.

«Тұлпар мініп, ту алған!», «Қобыланды батыр» жырын жатқа айту байқауларының жалғасы ретіндегі бұл байқаудың мақсаты – жастарды Қ.И. Сәтбаевтың рухани мұрасымен таныстыру, қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау, студенттерді халық поэзиясы­на деген сүйіспеншілік­ке тәрбие­леу.

«Ер Едіге» дастанын жатқа айту байқауына жиырма шақты студент қатысып, бас жүлдеге Інжу Қабдраш, бірінші орынға Еламан Сейілбеков, екінші орынға Гузаль Сұлтанбаева және үшінші орынға Наргиз Әбдібаева ие болып, арнайы дипломмен марапатталды және кітап пен ақшалай сыйлықтар жеңіп алды. Сондай-ақ «Ер Едіге» кітабының 1995 ж. нұсқасы университет баспасынан қайта шығарылып, байқауға қатысқан студенттерге табыс етілді.

Шараның өтуіне қолдау көрсеткен Алматы қаласы Тілдерді дамыту, Мәдениет басқармалары, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы екенін айта кеткен жөн.

Алматы қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бөлім басшысы, филол.ғ.к. Бақыт Қалымбет, «Абди компани» АҚ Баспа бөлімінің жетекшісі – бас редакторы, т.ғ.к. Қанат Өскенбай және «Казархеология» ЖШС-нің бас ғылыми қызметкері, археолог Орынбай Ошанов әділ қазылар құрамында болып, байқауға қатысушылардың көрсеткен өнерлеріне, дұрыс жауаптарына баға берді. Қонақтар оқытушылар мен студенттерге Қ.И.Сәтбаевтың рухани мұрасы, «Ер Едігенің» тарихи тұлғасы, жырдың маңызы туралы баяндап берді.

Студенттер Жәнібек Хаббасов «Жігіттерге өсиет», Кеңес Нұрғиса «Наурыз» күйін орындап, көрермендер көңілінен шықты.

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту