Геотермальды энергия: Сәтбаев университеті мен «Қазгидрогеология» болашақ жасыл экономика үшін күш біріктіруде

Сәтбаев университетінде «Қазақстандағы геотермальдық су ресурстарын пайдаланудың перспективалары» атты ғылыми-тәжірибелік семинар өтті, ол Қазақстан өз жер асты ыстық суларын тұрақты энергия көзі ретінде пайдалана ала ма деген мәселеге арналды. Семинардың басты оқиғасы – Сәтбаев университеті мен «Қазгидрогеология» арасында ынтымақтастық қарым-қатынас туралы меморандумға қол қойылуы болды. Бұл қадам геотермальдық энергетика саласында бірлескен зерттеулер жүргізуге, мамандар даярлауға және жаңа технологияларды енгізуге жол ашады.
«Қазақстанның геотермальдық ресурстары жүйелі әрі тұрақты түрде зерттелгені біз үшін аса маңызды, – деп атап өтті «Қазгидрогеология» басқарма төрағасы Болат Бекнияз. – Бұл энергия көздерін тиімді әрі қауіпсіз пайдалану тек ғылыми негізделген тәсіл арқылы ғана мүмкін болады. Біздің осы сала бойынша жинақтаған тәжірибеміз бен технологияларды геотермальдық жүйелерді игеруге табысты түрде бейімдеуге болады».
Семинарға ғалымдар, мемлекеттік құрылымдар мен мұнай-газ компанияларының өкілдері, сондай-ақ Ресей, Түркия және Исландиядан келген сарапшылар қатысты. Олар Қазақстанның геотермальдық әлеуеті туралы өз пікірлерін білдіріп, осы саладағы практикалық жетістіктерімен бөлісті.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның бұл саладағы әлеуеті өте үлкен. Жарқұнақ кен орнының әлеуетін зерттеген профессор Вячеслав Завалей бұл мәселені әрі қарай бағалауды және жылу энергиясын тиімді өндірудің жаңа технологияларын әзірлеуді қажет ететінін атап өтті. Ал Исландияның құрметті консулы Адема Жанасова геотермальдық энергетика Исландияда энергетикалық жүйенің негізіне айналып отырғанын айтып, олардың тәжірибесімен бөлісті.
«Геотермальдық ресурстар – бұл тек энергетика емес, сондай-ақ бұл экология және жаңа экономикалық мүмкіндіктер, – деді Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев. – Біздің міндетіміз – оларға ғылыми сараптама жүргізу, қажетті мамандар даярлау және инновацияларды енгізуге жәрдемдесу».
Семинар соңында қатысушылар бірлескен зерттеулер жүргізуді одан әрі жалғастыру және Қазақстанда геотермальдық энергетиканы дамытуға арналған нақты ұсыныстар әзірлеу туралы келісті. Олардың айтуынша, табысқа тек ғылымның, өнеркәсіп және мемлекеттің күш-жігерін біріктіру арқылы қол жеткізуге болады. Сәтбаев университеті мен «Қазгидрогеология» арасында жасалған меморандум – бұл Қазақстанды жасыл экономикаға көшіруде маңызды рөл атқара алатын жаңа сала құру жолында үлкен бастама болмақ.