Ғылыми-зерттеу қызметіне арналған қосымша ынталандыру жолдары
Сәтбаев Университеті ғалымдарға рейтингі жоғары журналдарда жариялануы үшін 60 млн. теңге бөледі. Университетте 2022 жылы ғалымдардың жарияланымдылық белсенділігін арттыруға бағытталған бағдарлама бекітілді.
– Біз ғылыми зерттеулердің сапасы мен санын арттырудың сан алуан жолдарын ғалымдармен бірге талқыладық. Қосымша қаржының бөлінуі университеттің әлемдік ғылыми қауымдастыққа танылуын арттыруға мақсатты түрде әсер етеді, – деп атап өтті Ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Әлібек Шоқпаров.
2021 жылдың қазан айында университеттің Ғылыми кеңесі «Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» КеАҚ қызметкерлері мен студенттерінің рейтингтік (рецензияланған) ғылыми журналдардағы жарияланымдары үшін сыйақы төлеу туралы ереже» бекітті. Онда Scopus және Web of Science деректер қорында бірінші және екінші кварталдарда жарияланған мақалалар мен шолулар үшін ғалымдарға сыйақы төлеудің шарттары мен тәртібі сипатталған. Құжатқа сәйкес, ғалымдарға төлем жылына екі рет – маусым және желтоқсан айларында төленетін болады.
2021 жылы университет ғалымдарынан 67 өтінім түсіп, оның 48-і талаптарға сай деп танылды. Төлеуге жататын жалпы сома шамамен 14 миллион теңгені құрады.
Өтінімдерді қарауды және талдауды Сәтбаев Университеті Ғылым департаментінің Зияткерлік меншікті дамыту және жарияланымдылық белсенділікті арттыру бөлімі жүзеге асырады.
Ереженің жеке пункттеріне қатысты барлық сұрақтар бойынша Мұнай корпусы, 610-кабинетке немесе 292-63-46 телефоны арқылы хабарласуға болады.