Ғылымнан – экодағдыларға: Сәтбаев университетінде студенттерге арналған экологиялық тренинг өтті
Алматы қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) бағдарламалары аясында 2026 жылға арналған экологиялық тренинг өтті. Іс-шараға табиғатты қорғау, тұрақты даму және экологиялық білім беру саласында жұмыс істейтін сарапшылар мен тәжірибешілер қатысып, баяндама жасады. Тренинг барысында әсіресе экологиялық білім беру – қоғамның тұрақты дамуының негізгі факторы ретінде өте маңызды екеніне ерекше назар аударылды.
Биология ғылымдарының докторы, профессор Бахытжан Елікбаев тренинг қатысушыларына арнап құттықтау сөз сөйледі. Ол 30 жылдан астам уақыт бойы адам мен қоршаған ортаның өзара әрекеттестігі, экологиялық қауіпсіздік және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелерімен айналысып келеді. Өз сөзінде профессор Б.К. Елікбаев экологиялық дағдылар мен ғылыми білімді күнделікті өмірге және білім беру үдерісіне біріктірудің маңыздылығын атап өтті.
Экотренингте сондай-ақ Қазақстанның экология және өнеркәсіптік экология саласындағы беделді мамандары сөз сөйледі. Олардың қатарында Қазақстан экологиялық аудиторлар палатасының өкілі Райдин Қасымов, Ecology Consulting компаниясының жетекшісі, эколог Ботакөз Садыбекова, Eco Network компаниясының директоры Хамза Сафаров және Алматы қаласы бойынша Экология департаментінің өкілі Мерей Оразымбетова болды. Сарапшылар экологиялық мониторинг, экожүйелерді қалыптастыру және экологиялық мәдениетті дамыту салаларындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Алматы қаласындағы экологиялық өзекті мәселелерді талқылауға Сәтбаев университетінің студенттері – болашақ экологтар Асет Тазабеков пен Фархат Жансейіт, сондай-ақ «Химиялық үдерістер және өнеркәсіптік экология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Сауле Нұрмақова мен PhD докторы Үмбетәлі Сарсембин белсенді түрде қатысты. Тренинг студенттердің бойында қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау қабілетін қалыптастыруға және экологиялық саналарын арттыруға ықпал етті.



