«Hyundai» компаниясы мен Сәтбаев Университеті студенттерге арналған бірегей білім беру жобасын іске қосуда
Сәтбаев Университетінде қазақстандық автоөндіріс тарихындағы бірегей жоба алғаш рет іске қосылды: «Hyundai Қазақстан» зауытының өкілдері студенттерді оқытуға тікелей қатысты. «Hyundai Қазақстан» компаниясының инжиниринг және автомобиль жасау бағыты бойынша басшысы Сон Тэ Вон және Hyundai Global Training Academy оқыту бөлімінің басшысы Ли Хён Сок студенттерге бірқатар дәрістер оқып, оны электрлі көліктер және автомобиль өндірісін дамыту перспективалары тақырыбына арнады.
Дәрістер Сәтбаев Университетінің студенттері үшін оқылып, оларға автомобиль жасау өнеркәсібіндегі соңғы технологияларына, соның ішінде Advanced Driver Assistance Systems (ADAS), яғни жүргізуші көлікті қауіпсіз жүргізуі үшін, жасанды интеллектке негізделген көмек көрсетудің кеңейтілген жүйелеріне қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Студенттер электромобиль жүйелерін тереңірек түсінуге және әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан салалардың бірінде мансаптарын көтеру үшін дайындалуға тамаша мүмкіндік алды. Сондай-ақ студенттер бағдарлама аясында нақты автомобильдерде практикалық сабақтардан өтіп, алған білімдерін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік алады.
Университеттің академиялық істер жөніндегі проректоры Раиса Өскенбаева жобаның барлық қатысушыларын құттықтап, студенттерге жаңа білімді меңгеруде сәттілік тіледі. «Hyundai» компаниясы студенттермен практикалық сабақ жүргізу үшін және оларды соңғы технологиямен таныстыру үшін университетке Ioniq 5 инновациялық электр көлігін берді. Автокөлік университет студенттері мен қонақтарына ұсынылды, ал оның жүру бөлшектері оқу-зерттеу үшін көрме залына қойылды.
«Hyundai Қазақстан» компаниясының техникалық директоры Михаил Мишин өз сөзінде бұл жоба студенттерге автомобиль өнеркәсібінде жоғары деңгейлі үлкен перспективалар ашатынын атап өтті. Сондай-ақ автомобиль өнеркәсібінің болашағы интеллектуалды жүйелермен байланысты екенін және «Hyundai» компаниясы бағдарлама қатысушыларымен алдағы уақытта да өз идеялары және стратегияларымен бөлісіп отыратынын айтты.
Мұндай танымдық жобалар Қазақстанда автомобиль өнеркәсібін дамыту үшін өте маңызды. Студенттер осындай бастамаларға қатысып, озық технологияларға қол жеткізеді және оны нақты іс жүзінде қолдана алады, бұл оларға еңбек нарығында сұранысқа ие болатын жоғары құзыреттерді алуға мүмкіндік береді. Мұндай бағдарламалардың түлектері электромобильдерді жасау, автомобиль өнеркәсібінде жасанды интеллектті пайдалану, сондай-ақ инновациялық процестерді басқару бойынша терең білімді меңгеріп шығады. Бұл дағдылар жас мамандарға елімізде автомобиль өнеркәсібінің дамуына елеулі үлес қосып, халықаралық деңгейдегі бәсекелестікке көтерілуге мүмкіндік береді.
Дәрістер «Hyundai – Astana Motors» аудиториясында өтуде, бұл аудитория «Астана Моторс» компаниясының қаржылық қолдауымен ынтымақтастық туралы меморандум аясында құрылған болатын. Алдағы уақытта оқыту бағдарламасы кеңейтіліп, Қазақстандағы «Hyundai» зауытына жұмысқа орналасу үшін мүмкіндік беретін іріктеу конкурсын студенттер арасында өткізу жоспарланып отыр.