Кафедра жаңа құралдармен жабдықталды
Сәтбаев университеті Химиялық және биологиялық технологиялар институты «Химиялық технологиялар» кафедрасы жаңа жабдықтармен толықтырылды. Мұнай мен газдың физика-химиялық құрамын зерттеуге арналған жаңа жабдықтарды «Fluor» компаниясы демеушілік көмек көрсету шаралары аясында орнатып отыр. Атап айтқанда, қатты және сұйық денелердің дисперсиялық көрсеткіштерін өлшеуге арналған рефрактометр мен Энглер вискозиметрі мұнай химиясы зертханасына орнатылып, күнделікті оқу үрдісі мен зертханалық жұмыстар барысында кеңінен қолданылып келеді.
«Fluor Corporation» компаниясы – Сәтбаев университетіне талай жылдан бері демеушілік көмек көрсетіп келе жатқан серіктесі. Екеуара ынтымақтастық байланыс сонау 2004 жылдан бері, яғни химиялық инженерия саласында жоғары білім беруді жаңғырту жөніндегі жоба бойынша бірлесе жұмыс жүргізгеннен бері басталған еді. Содан бір жылдан кейін Сәтбаев университетінде Химиялық инженерияның ресурстық орталығы ашылып, компанияның жетекші инженерлері университет студенттері мен профессорлық-оқытушылар құрамына арналған дәрістер оқуды ұйымдастырған болатын. Ал 2012 жылдан бері Сәтбаев университетінде осы компанияға ең үздік деген студенттерді таңдап алуға арналған стипендиялық бағдарлама іске қосылған. Ол стипендияның жылдық көлемі әрбір студентке шаққанда 250 мың теңгені құрайды.