Қалыпты жағдайда оқу үшін Сәтбаев Университеті екпе алуға шақырады
Құрметті студенттер мен ата-аналар!
Сәтбаев Университеті барлық студенттер мен олардың ата -аналарын коронавирус індетіне қарсы екпе алуға шақырады. Індеттің алдын алып, аурулар санын қысқартудың және оқуды қалыпты форматта жалғастырудың жалғыз жолы осы ғана. Бұл студенттерге сапалы білім беру үшін өте маңызды. Өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын сақтаңыз!
Қазақстанның әр аймағынан келген 10 мыңнан астам студент 1 қыркүйек күні Сәтбаев Университетінде оқуды бастады. Университет жатақханаларына 1681 студент орналастырылды. Университет санитарлық қызметтермен және Алматы қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, студенттер мен қызметкерлердің денсаулығын сақтау мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдап отыр.
Коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау бойынша бекітілген әрекеттер алгоритмінің қатаң сақталуына байланысты инфекцияның барлық жағдайлары дер кезінде анықталады.
Университетте Ashyq жүйесі жұмыс істейді, антисептиктер, санитайзер мен рециркуляторлар орнатылған, бөлмелерді кварцтеу және дезинфекциялау жүргізіледі, екпе егу мүмкіндігі де қарастырылған.
Сәтбаев Университеті әлеуметтік қашықтық нормаларын қамтамасыз ету мақсатында университетте өтетін сабақтардың уақытын қысқартуды ұйғарды. Жатақханада тұратын студенттердің иммунитетін көтеру үшін оларға витаминдік кешендер жиынтығы ұсынылады.
Жақын күндері студенттерге арналған емхана ашылады, мұнда келген студенттерге кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында барлық медициналық қызметтер тегін түрде көрсетілетін болады.
Бүгінгі таңда білім ордасында 6 КВИ жағдайы тіркелді. Оның біреуінің ауруы жеңіл түрде өтуде, ал қалған бесеуінде аурудың еш белгілері жоқ. Олардың барлығы 18 жасқа толмаған жасөспірімдер болып шықты, тіпті біреуі екпенің алғашқы түрін алған.
Бүгін университетке Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров пен Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин бастаған мониторингтік топ келді. Олар жатақханаларға орналасу және тұру шарттарымен танысып, санитарлық жағдайды тексерді.
Бас санитарлық дәрігер студенттерді жатақханаларға орналастыру үшін ПЦР тестің нәтижесі тек теріс болған жағдайда ғана рұқсат ету керегін, сондай-ақ студенттердің өз қаражаты есебінен өкпеге қосымша ИФА тексерулерін жүргізу жөнінде ұсыныстар берді.