Қасым-Жомарт Тоқаев студенттердің шәкіртақысын ұлғайтуды міндеттеді
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылының жабылуы және Волонтер жылының ашылу салтанатына арналған жиынға қатысып, 2020 жылдың 1 қаңтардан бастап барлық студенттердің шәкіртақысы 25 пайызға артатыны жөнінде айтты.
«Сіздер үшін ең маңызды сұрақ шәкіртақы туралы екенін мен жақсы білемін. Ия, шәкіртақы 2016 жылдан бері ұлғайтылған жоқ. Оның өзіндік себептері болды. Сондықтан да 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бакалавриат, магистратура және докторантура студенттерінің шәкіртақысын 25 пайызға көбейту туралы шешім қабылдадым. Бұл шара 130 мың адамды қамтиды. Бұл біздің студенттерге жақсы қолдау болады», – деді Қ.-Ж. Тоқаев.
Жоғары оқу орындарының студенттерімен қоса, колледж студенттері мен жұмысшы мамандығын алу үшін оқып жүрген студенттердің де шәкіртақысы өсетін болады. Жалпы алғанда, 230 мың адам қамтылатын болады. Сонымен қатар Президент өз еріктерімен белсенділік танытып жүрген волонтерлердің де шәкірақысын көбейтуді ұйғарды.
«Коммерциялық негізде оқып жүрген студенттер үшін әлеуметтік студенттік кредиттер жүйесін енгізу керек. Бұл өз кезегінде кейбір академиялық кредиттерді волонтерлік сағаттар есебінен жабуға мүмкіндік пен толықтай құқық береді», – деді Мемлекет басшысы.