Ақпарат:

26 ақпан 2026 74

«Қауіпсіздік әліппесі» ТЖМ, ТЖД және Сәтбаев университетінің студенттерін біріктірді

«Қауіпсіздік әліппесі» ТЖМ, ТЖД және Сәтбаев университетінің студенттерін біріктірді

Сәтбаев университетінде «Қауіпсіздік әліппесі» атты ауқымды іс-шара өтті. Оған Қазақстанның әртүрлі облыстары мен қалаларынан келген ҚР ТЖМ және ТЖД өкілдері, сондай-ақ ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен университет студенттері қатысты. Іс-шара форматы құтқарушылар мен студенттердің өзара интерактивті іс-қимылына басымдық жасай отырып, теория мен практиканы ұштастыруға мүмкіндік берді.

Кездесу барысында университет базасында орын алатын жер сілкінісі кезіндегі құтқару жұмыстарының элементтері көрсетілді. Соның бірі шартты түрде зардап шеккен адамды ғимараттың екінші қабатынан эвакуациялау жұмысына арналды. Тағы бір құтқару элементі кезінде қираған құрылыс үйінділерінің астында қалып қойған адамды қызметтік иттің қатысуымен іздеу ісі жүзеге асырылды. Сонымен қатар алғашқы медициналық көмек көрсету алгоритмдері таныстырылып, жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекет ережелеріне арналған түсініктеме дәрісі өткізілді.

Осы жаттығулар үшін еліміздегі алғашқы техникалық жоғары оқу орнының алаңы кездейсоқ таңдап алынған жоқ. Университет азаматтық қорғау ісін белсенді түрде дамытып келеді, осындай жаттығуларды өткізуге арналған арнайы оқу кабинеті мен материалдық-техникалық база бар. Сондықтан да Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті республикалық акция өткізуге арналған негізгі алаң ретінде Сәтбаев университетін таңдап алды. Делегацияның жетекшісі, ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері майор Мадат Мұсаұлы университетпен ынтымақтастық қарым-қатынастың маңыздылығын былайша атап өтті:

«Бізге алаң ұсынып, қауіпсіздік сабағын ұйымдастыруға қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Сіздердің арқаларыңызда осы іс-шара нәтижелі түрде өтіп, қатысушылар пайдалы білім мен практикалық дағдылар алды», – деді ол.

Оның айтуынша, акцияның басты мақсаты – әрбір тыңдаушыға жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шаралары мен әрекет ету ережелерін түсіндіру. Әсіресе жастар арасында қауіпсіздік мәдениетін арттыруға ерекше назар аударылды, өйткені бүгінгі студенттер ертең экономиканың түрлі салаларында шешім қабылдайтын мамандар болады.

Сәтбаев университетінде «Қауіпсіздік әліппесі» акциясының өтуі университеттің мемлекеттік құрылымдармен өзара байланысын нығайтудың және қауіпсіздік мәдениетін дамыту бағытындағы жүйелі жұмысының тағы бір дәлелі болды. «Ғылым мен білім – адам игілігі үшін» атты миссияны жүзеге асырып отырған университет білімнің практикалық дағдылармен ұштасатын, ал қауіпсіздік білім беру үдерісінің ажырамас бөлігіне айналатын орта қалыптастыруды жүйелі түрде жалғастырып келеді.

«Қауіпсіздік әліппесі» ТЖМ, ТЖД және Сәтбаев университетінің студенттерін біріктірді

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту