Ақпарат:

29 мамыр 2020 5365

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мәлімдемесі

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мәлімдемесі

Құрметті қазақстандықтар!

1994 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаев М.В. Ломоносов атындағы ММУ-де тарихи мазмұнға ие дәріс оқыды. Онда посткеңестік республикалардағы күрделі әлеуметтік-экономикалық ахуалдан бірлесіп шығудың жолын ұсынды. Болашақта экономикалық бағыттағы одақ болатын бірлестіктің негізгі қызметі, ең алдымен, экономикалық міндеттерді шешуге басымдық беру; тағдыршешті мәселелерді ұлттық референдумдар негізінде шешу; жаңа экономикалық одаққа кіруді жоспарлаған мемлекеттер қарым-қатынасындағы теңдік, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, территориялық тұтастықты сақтау және мемлекеттік шекараларды бұзбау принциптеріне негізделіп құрылды.

2015 жылдың 1 қаңтарында Евразиялық экономикалық одақты құру, шын мәнінде, тарихи және мәдени-өркениеттік маңызға ие болды. Бұл – тәуелсіз елдердің ерікті экономикалық қауымдастығы. Одаққа енген бес ел арасында тауар, қызмет, капиталдың және адам ресурстарының еркін қозғалысы басталды. Көптеген кедендік тосқауылдар мен бюрократиялық кедергілер алынып тасталды. 170 миллион халқы бар ірі нарыққа ие болдық. Ұлттық кәсіпорындар сапалы, арзан, сұранысқа ие тауарлар өндіріп, бәсекеге қабілеттілік жолына шықты. Шекара бекеттеріндегі ұзақ кептеліс азайды. Көршілес аймақтың саудасы өсті. Экономикалық одаққа кіретін әр мемлекет өзара тиімді сауданы, әсіресе шекара аймағында жүзеге асырады.

Бірақ соңғы жылдары қазіргі саясаткерлер арасында осындай экономикалық бірлестіктің негізгі принциптерін бұзу әрекеттері жиілей бастады. Әлемнің кейбір жоғарғы шенді мемлекет қайраткерлері одақты саяси бірлестікке айналдыру әрекеттерін іске асыруда. Оның дәлелі –ұлттықтан жоғары парламент құру, одаққа ортақ ақша енгізу, ортақ шекаралық әскер ұстау, ортақ бюджет енгізу туралы ұсыныстар. Бұл, сөз жоқ, ел егемендігін жоғалтуға апарады. Бұған ешқашан жол берілмеуі тиіс.

Биыл қазақ мемлекеттілігіне 555 жыл толады. 1465 жылы Керей мен Жәнібек Алтын Ордадан (бұның 750 жылдығы) бөлініп шығып, тәуелсіз Қазақ хандығын құрды. Бұл мерейтойлық датаны салтанатты түрде атап өтуіміз керек.

Экономикалық одақтың көптеген жобалары қағаз жүзінде қалды және өте байсалды сараптамалық жұмыстар мен Еуразиялық экономикалық комиссиясындағы елдер өкілдерінің тарапынан ұйымдастырушылық үйлестіруді талап етеді.

Сонымен қатар, Ресейдің кейбір қоғам қайраткерлері 1991 жылға дейін қазақтарда мемлекеттілік болмаған деген арандатушылық пікірлерді де жиі қайталауда. Оларға Еуразия құрлығындағы көптеген халықты басқарған ежелгі түрік қағанатын-мемлекеттерін айтпағанда, алғашқы қазақ мемлекеті 1465 жылы пайда болғанын еске салғым келеді. Орталығы Алматы болатын «Ортаазиялық федералды аймақ» құру қажет деген Қазақстан Тәуелсіздігіне қарсы үндеу жасалды. Еліміздің солтүстік және солтүстік-шығыс облыстары басқа елдің тарихи жерлері болған деген жалған пікірлер жиі айтылады. Осы аталған және басқа да арандатушылық әрекеттер егеменді Қазақстан азаматтарын, бізді – ғалымдарды алаңдатады. Қазақстан халқы өзінің заңдастырылған территориясында бейбіт өмір сүруде, біздің шекарамыз барлық көршілес мемлекеттермен делимитациялық келісім-шарттармен бекітілген және олармен достық қарым-қатынас орнатылған. Біз тәуелсіз Қазақстан шаңырағы болашақ ұрпақтарға берілетініне кәміл сенеміз. «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы осыған шақырады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жоғарғы Евразиялық экономикалық кеңестің бейнеконференция форматында өткен кезекті отырысында сөйлеген сөзін осы мағынада қарастырамыз және қабылдаймыз. Бұл жиында мемлекет басшысы сөзінінің өзекті мәні «2025 жылға дейінгі Евразиялық экономикалық интеграцияның даму стратегиясын» Қазақстанның қабылдамауына қатысты болды.

Экономикалық интеграция жетістігі ұлттық егемендігіміздің идеясы мен тең ынтымақтастық мүмкіндігіне күмән келтіретін жекелеген саясаткерлердің сенімімен емес, нақты интеграциялық прагматикалық жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде мемлекет халқының өмір сүру деңгейін жақсарту арқылы өлшенеді.

Осыған орай, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Төралқасы, Евразиялық экономикалық одақтың соңғы отырысының мазмұнымен мұқият таныса келе, ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың конструктивті пікірлерін есепке ала отыра, тәуелсіздікті ең қымбат құндылық ретінде бағалай келе, батыл түрде жария етеміз:

Біріншіден, Евразиялық экономикалық комиссияның құзіретіне денсаулық сақтау, білім беру және ғылым салаларын кіргізу одақтың  экономикалық бағытын өзгертеді әрі одақ шартының мәніне қайшы келеді деген президент пікірін толық қуаттаймыз.

Екіншіден, Евразиялық одақ елдерінің арасындағы екіжақты ынтамақтастық экономикалық, әлеуметтік, гуманитарлық қатынастар спекторын қамтиды. Оларды бесжақты форматта қарастырудың ешқандай қисыны жоқ деген президенттің алаңдаушылығы толық орынды.

Үшіншіден, Қ.К. Тоқаевтың, интеграциялық жұмыс ұлттық құқық жүйесінің ерекшеліктерін ескеруі міндетті, Евразиялық одақ шеңберінде заңдарды «үйлестіру және унификациялау» әрекеттерін ұлттық қоғамдық пікір қабылдамайды деуі толық шындық.

Төртіншіден, Евразиялық экономикалық комиссияны кадрмен жасақтау органды қаржыландыру көлеміне тәуелді болмауы керек. Мұнда әр елдің өкілдері тең дәрежеде қызмет етуге тиіс деген президенттің пікірі өте орынды.

Бесіншіден, біз мемлекет басшысының Евразиялық экономикалық комиссияның өкілеттілігін бұдан арықарай арттыра беруді тоқтату туралы ұсынысын қуаттаймыз. Президент Қ.К. Тоқаевтың жаңа құжатты мұқият өңдегенше, оны қабылдауды кейінге қалдыру туралы пікірінің дұрыс екендігіне сенімдіміз.

Ғылыми қоғамдастық өкілдері ретінде біз Мемлекет басшысының белгілі бір интеграцияланған экономикалық жобаларға қатысты ұлттық құқықтық нормаларды үйлестіру мен қиыстырудағы «ақылға қонымдылық» қағидатын сақтау ұстанымын қолдаймыз.

Қазақстандықтардың, соның ішінде ғалымдардың қоғамдық пікірі Евразиялық одақтың өкілеттік сферасын кеңейтудің қандай да болмасын әрекеттеріне қарсы. Экономикалық бірлестікті саяси бағытқа бұру әрекеттерінің ашық жүзеге асуы Қазақстан тәуелсіздігіне қауіпті, Кеңестер Одағын жаңғыртуды көздеу болып саналады. ЕурАзЭҚ кез-келген мемлекеттің баянды және басты құндылығы болып саналатын тәуелсіздігін шектемей, Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсартуға үлес қосуы қажет. Керісінше жағдай орын алса, Қазақстан кез келген одақтан шығуы тиіс.

Біз Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынылып отырған құжаттың негізгі ерекшелігі стратегиялық серіктестіктің абстрактілі көрінісі мен жекелеген мәселелерді саясаттандыруға емес, қатысушы елдердің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған экономикалық ынтымақтастық пен мемлекеттер дамуының нақты бағдарламаларын әзірлеуге және іске асыруға бағыттау керек деген пікірін қолдаймыз.

2020 жылы 26-мамырда
ҚР ҰҒА Президиум
отырысында қабылданды

Мәтін көзі

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту