Ақпарат:

2 мамыр 2025 268

Қазақстанда озық технологияларды қолданатын алғашқы машиналық ферма Алматыда ашылып, тұрақты қалалық ауыл шаруашылығының жаңа дәуірі басталғанын білдіріп отыр

Қазақстанда озық технологияларды қолданатын алғашқы машиналық ферма Алматыда ашылып, тұрақты қалалық ауыл шаруашылығының жаңа дәуірі басталғанын білдіріп отыр

Оңтүстік-Шығыс Азияның тік ауыл шаруашылығымен айналысатын BoomGrow жетекші компаниясы Орталық Азияда алғаш рет «машина фермасын» іске қосу арқылы маңызды қадам жасауда. Ферма аталмыш жобаның серіктесі болып табылатын Сәтбаев университеті аумағында ашылды. Оның ашылу салтанатына Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев пен BoomGrow компаниясының бас директоры Мурали Десан, сондай-ақ басты серіктестер мен шақырылған қонақтар қатысты.

Малайзияда әзірленіп, құрастырылған модульдік ферма Алматыға дәл егіншілік жүйесімен толық жабдықталған күйінде жеткізілді, осы жабдықтау жүйесіне BoomGrow компаниясы патенттік өтінім берген болатын. Бұл технология температураны, жарықтандыруды, қоректік заттармен қамтамасыз етуді және басқа да маңызды параметрлерді дәл реттеуге және бақылауға мүмкіндік береді, сөйтіп сыртқы климаттық жағдайларға қарамастан тұрақты және жоғары сапалы егін өнімін алуды қамтамасыз етеді. Ферма өнімі пестицидсіз, ал өнім нағыз піскен кезде жиналады, бұл оның құрамындағы қоректік заттарды барынша жоғары дәрежеде сақтауға мүмкіндік береді.

«BoomGrow компаниясымен серіктестігіміздің бірінші күнінен бастап біздің мақсатымыз – дәстүрлі егіншілік шаруашылығы қиын және халқы импорттық азық-түлікке тәуелді болып отырған аймақтарда жергілікті ауыл шаруашылық жүйелерін енгізу болды. Сәтбаев университетінің қолдауымен Алматыда алғаш рет іске қосылған машина фермасы – сол мақсатқа жету жолындағы күшті қадам. Біз бұл технологияны бірлесіп дамытуды жалғастыра береміз және аймақтардағы тұрақты ауыл шаруашылығының болашағын өзгерте алатын инновацияларға ықпал етуге қуаныштымыз», – деді BoomGrow компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Мурали Десан.

Қазақстандағы жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі – Сәтбаев университеті осы жобаның негізгі бастамашысы бола отырып, ESG қағидаттарына негізделген инновацияларға өзінің адалдығын көрсетті, сондай-ақ қалалық ауыл шаруашылығы саласындағы ауқымды шешімдерді әзірлеуде ұлттық деңгейдегі көшбасшы атануға деген ұмтылысын танытты. Ал университет кампусында орналасқан ферма жасанды интеллект, агробиология және тұрақты жүйелерді жобалау секілді салалар бойынша ғылыми зерттеулер, практикалық оқыту және пәнаралық даму үшін динамикалық платформа ретінде қызмет ететін болады. Академиялық мақсаттардан басқа, жергілікті жерде өсіріліп, уақытында піскен көкөністер жақын маңдағы мейрамханаларға жеткізіледі, сөйтіп жергілікті тұрғындарға тұтынушыдан бірнеше метр ғана қашықтықта өсірілген экологиялық таза, пайдалы өнімге тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді.

«Сәтбаев университеті үшін бұл жай ғана технологиялық жоба емес, бұл – Қазақстанның тұрақты болашағына қосылған үлес», – дейді Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев. – Мұндай жобалар мен олардың қоғамға және қоршаған ортаға тигізетін әсері бізге кеше ғана қол жетпестей болып көрінсе, ол армандарымыз бүгінде шындыққа айналуда. Ғылымның, инновациялар мен халықаралық ынтымақтастықтың қиылысқан тұсында өмірімізді, күнделікті тұрмысымызды жақсы жаққа өзгерте алатын нағыз шын шешімдер туатынына біз сенімдіміз».

Ферманың ашылу рәсімінен кейін «Камчатка» мейрамханасы мен Six Coffee+Wine кофеханасы бірлесіп, біздің өнімдерді дегустациядан өткізді, сөйтіп машиналық фермада өсірілген көкөністерді ресми түрде өз мәзіріне енгізді. Ферма мейрамханадан небәрі 500 метр жерде орналасқан, сондықтан да күнделікті тамақта жаңа піскен жас көкөністерді қолдану ол өнімнің шығу тегінің ашықтығына және экологиялық тұрғыда оның тазалығына жауапты болуға деген жалпы ұмтылысты көрсетеді.

*Қонақтарға дайындалатын тағамның әрбір ингредиенті сапалы болуы біз үшін өте маңызды. Мейрамханадан 500 метр жерде орналасқан жергілікті ферма бізге күн сайын жаңа піскен, құрамында көміртегі аз болатын көкөністерді пайдалануға мүмкіндік береді – бұл экологиялық көзқарасқа жасалған саналы қадам. Ал қонақтарымыз үшін бұл – әр тағамнан жас балғындық пен табиғаттың шынайы дәмі сезілуінің кепілі болмақ.

Бұл жобаның іске қосылуы – жалпықазақстандық «Таза Қазақстан» бағдарламасының бір бөлшегі деуге болады. Сол бағдарлама аясында университет аумағында «Қоғамдық бақтар» («Community Gardens»), көкөніс пен жеміс-жидек өсіруге және жергілікті деңгейде азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға арналған тұрақты азық-түлік жүйелері мен қоғамдық демалыс орындары құрылуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда сөйлеген сөзінде осы саладағы инновацияның өзектілігіне тоқталып, былай деді:

«Әлемдік нарыққа азық-түлік пен тыңайтқыштарды тұрақты түрде жеткізуді қамтамасыз ету үшін, инновациялық тәсілдер қажет. Халықаралық нарыққа бидай мен ұн өнімдерін үлкен көлемде экспортқа шығаратын Қазақстан тұрақты ауыл шаруашылығының әдістері мен технологияларын одан әрі жетілдіруді өзіне мақсат етіп отыр».

BoomGrow компаниясының тік ауыл шаруашылық технологиясы азық-түлік өнімдерін өндіру мәселелерін шешу ретінде ғана емес, сондай-ақ тұтастай алғанда инфрақұрылым мен экономиканы дамытудың негізі ретінде танымал болып отыр. Қонақ үйлер мен мейрамхана бизнесі үшін бұл таза, әрі жоғары сапалы өнімге жыл бойы тұрақты түрде қолжетімді болу дегенді білдіреді. Ал инвесторлар үшін бұл – қайта өңдеуге болатын және ресурсты үнемдейтін модель, оны әртүрлі қалалық жағдайларда кеңейтуге болады. Денсаулық сақтау мекемелері мен фармацевтикалық компаниялар үшін бұл – қоректік дақылдарды өндіру үшін бақылауға болатын қауіпсіз ортаны құру болып табылады. Ал мемлекет қайраткерлері мен зерттеушілер үшін бұл – практикалық деректер көзі және қалалық жағдайда, әрі климаттың өзгеруі жағдайында тұрақты азық-түлік жүйелерін құрудың нақты прототипі.

Сәтбаев университетінде алғаш рет BoomGrow машина фермасын сәтті түрде іске қосу – академиялық орта, жергілікті бизнес пен халықаралық серіктестер күш біріктірсе, барша халық үшін неғұрлым тұрақты, қауіпсіз және прогрессивті азық-түлік болашағын қалыптастыруға болатынын көрсетеді.

Компания туралы:

BoomGrow – бұл озық агротехнологиялық компания, ол қалалық ауыл шаруашылығын өзіндік тік ауыл шаруашылығы жүйесінің көмегімен жасанды интеллект негізінде түрлендіреді. «Машина фермалары» деп аталатын түрлендірілген теңіздік тасымалдау контейнерлерін пайдалана отырып, BoomGrow компаниясы пестицидсіз көкөністерді өсіреді, мұндағы өнім жіті бақылауда өсіп, жыл бойы сапа мен жас балғын дәмін тұрақты түрде қамтамасыз етіп отырады. Компанияның мұндай инновациялық тәсілі дәстүрлі ауыл шаруашылығымен салыстырғанда жерді, суды және адам еңбегін пайдалануды 95%-ға азайтады, бұл қазіргі климаттың өзгеруі мен урбанизация жағдайында ерекше маңызды болып саналады. Тағамды құнарлы әрі барлығына тұрақты түрде қолжетімді ету миссиясын басшылыққа алған BoomGrow компаниясы Орталық Азияда және одан тыс жерлерде ауыл шаруашылығының болашағын қалыптастыруда.

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту