Қазақстандық жас геологтар Қарқаралы полигонында өз қабілеттерін көрсетуде

Қарқаралы оқу-геологиялық полигонында ІІ Қазақстандық геологиялық «Сәтбаев» универсиадасы басталды. Бұл – геология саласының болашақ көшбасшыларын, ең мықты студенттерді біріктірген далалық ауқымды жарыс.
Универсиада Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті мен Сәтбаев университетінің бастамасымен Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Қарқаралы оқу-геологиялық сынақ полигонында өтуде.
Еліміздің жетекші 7 жоғары оқу орнынан жиналған 35 қатысушы бір апта бойы геологиялық негізгі пәндер бойынша тәжірибелік тапсырмаларды орындап, білімдерін, дағдыларын және дала жағдайында жұмыс істеу қабілеттерін көрсетеді. Оларға жетекшілері, еріктілер мен қонақтар қолдау көрсетеді. Іс-шараға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров қатысты, ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттерге құттықтау хат жолдап, сәттілік тіледі.
Бағдарламада конкурстық тапсырмалар, геологиялық түсірілім жасау маршруттары, шеберлік сабақтары, ғылыми кеңестер мен сарапшылардың лекциялары қамтылған. Топтық өзара әрекет пен кәсіби бағдарға ерекше көңіл бөлінеді – студенттер еліміздің жер қойнауын пайдаланушы ірі кәсіпорындар мен геологиялық барлау компанияларының өкілдерімен кездесті, атап айтқанда: «Kazakhmys Barlau», ERG Exploration, KAZ Minerals, Kazzinc, Qazaq Geophysics, Azimut-Karaganda және т.б. бар.
Универсиаданы ұйымдастырушылардың бірі, Сәтбаев университетінің «Геологиялық түсірілім, іздеу және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» кафедрасының меңгерушісі Ақмарал Байсалова атап өткендей, бұл ауқымды шара студенттерді өз бетінше ізденуге, ел игілігі үшін еңбек етуге шабыттандырды. Әрі бұған универсиада өткізілетін жер – Қарқаралы оқу-геологиялық полигоны да үлкен әсер етті, бұл Қазақстанда мамандандырылған санаулы дала алаңдарының бірі, мұнда геолог-студенттерді нақты тәжірибеге барынша жақын жағдайларда жан-жақты даярлау ісі жарты ғасыр бойы кешенді түрде жүргізіліп келеді.
– Қазіргі заманғы геология жоғары кәсіби дайындықты, аналитикалық ойлауды және инновациялық әдістерді меңгеруді талап етеді, – деді Ақмарал Омарханқызы. – Сондықтан біз мұндай бастамаларды әрдайым қолдаймыз, университет пен өндірісті жақындата отырып, студенттердің заман талабына сай маман болып шығуына барынша күш саламыз.
«Kazakhmys Barlau» және «ERG Exploration» секілді ірі өнеркәсіп орындары Қазақстанда ғылым мен білімнің дамуына өздерінің мүдделі екендігін растай отырып, универсиаданың материалдық-техникалық базасын қамтамасыз ету және жарыстың геологиялық оқу бағытын әзірлеу арқылы оған қолдау көрсетті.
Сәтбаев университеті – геология саласы бойынша жас таланттарды тартушы орталық екендігін «Сәтбаев» универсиадасы тағы бір мәрте растады. Қатысушылар кәсіби дағдыларын шыңдап қана қоймай, ой-өрістерін кеңейтіп, өзара академиялық байланыс орнатты және өнеркәсіппен әрекеттесу бойынша құнды тәжірибе жинақтады. Қазақстанның геология саласына қажетті болашақ кадрлар әлеуетін қалыптастыруға университеттердің, бизнес пен мемлекеттің бірігуі қалай ықпал ететініне осы универсиада жарқын мысал бола алады.