Ақпарат:

25 қыркүйек 2025 391

Қазақстанның жоғары оқу орындары QS World University Rankings 2026 халықаралық рейтингісінде мәртебесін нығайтты

Қазақстанның жоғары оқу орындары QS World University Rankings 2026 халықаралық рейтингісінде мәртебесін нығайтты

С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде (ҚазҰМУ) Қазақстанның жоғары оқу орындарының әлемдік QS университеттер рейтингінде жеткен жетістіктерін растайтын сертификаттарды табыстау салтанатты рәсімі өтті. Бұл маңызды оқиға еліміздің білім және ғылым саласын дамытудың жарқын бетбелгісі болды.

Білім мен ғылымның халықаралық беделінің артуы Қазақстанның интеллектуалдық әлеуетінің өскенін дәлелдейді. Осы орайда ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек былай деді:  «Ғылым мен білімнің халықаралық беделінің артуы – еліміздің дамуының кепілі. Қазақстанның жоғары оқу орындарының QS рейтингіндегі жоғары орындары халықаралық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Бұл – біздің бірлескен еңбегіміздің нәтижесі әрі болашақтағы үлкен жетістіктеріміздің негізі».

Алматы қаласының әкімі орынбасары Азамат Қалдыбеков өз кезегінде:

«QS рейтингіне енген Қазақстанның 20 университетінің тоғызы Алматыда орналасқан. Бұл біздің қаламыздың білім мен жастар орталығы екендігін тағы бір мәрте дәлелдейді. Мұндай жетістіктер академиялық ынтымақтастықты дамытуға, ғылыми зерттеулерді кеңейтуге және халықаралық сенімді нығайтуға зор үлес қосады. Мен бұл тек мақтаныштың себепкері ғана емес, сонымен бірге білім жүйесін әрі қарай жетілдіру мен жаңа көшбасшылық белестерге жетудің басы деп санаймын».

2026 жылғы QS рейтингіне Қазақстаннан барлығы 20 университет енді. Солардың ішінде Сәтбаев университеті 331-орынға ие болып, ұлттық техникалық білім беру жүйесінің әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Салтанатты рәсім барысында «Bilim Damu» консорциумы мен QS рейтинг агенттігі арасында әрі қарайғы серіктестікті дамыту туралы келісімге қол қойылды. Бұл ынтымақтастық Қазақстан университеттеріне қазіргі заманғы ғылыми жобалар мен инновацияларға белсенді қатысуға, сондай-ақ шетелдік студенттер мен ғалымдарды тартуға жол ашады.

Осылайша, Қазақстан білім мен ғылым саласында аймақтық хабқа айналу стратегиялық бағытын жүзеге асыра отырып, жаңа белестерді бағындыруды жалғастыруда.  

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту