ҚазҰТЗУ-да толық мәнді кредиттік жүйе енгізілді
Енді студенттерде өздеріне ұнайтын оқытушыдан білім алуға толық мүмкіндік бар. Кредиттік жүйенің ең негізгі артықшылығы – таңдау еркіндігі. Мысалға, американдық студенттерде өздеріне ұнайтын пәндермен қатар, сол пәндерден оқытатын оқытушыларды таңдауға да еркіндік бар. Міне, осы мүмкіндік енді 2017 жылдан бастап ҚазҰТЗУ студенттеріне де туып отыр.
ҚазҰТЗУ-ға оқуға түскен талапкерлер университеттің оқу порталына тіркеледі, бұл оларға жеке сабақ кестесін құруға мүмкіндік береді. Берілген пәндер тізімінен студент өзіне ұнайтын пәндер мен оны оқытатын оқытушыны таңдап алып, тіркеуге ұсыныс жасайды. Осыдан кейін жүйе оқытушының жұмысбастылығын автоматты түрде анықтап, сабақ кестесіне түзетулер енгізеді.
«Биылдан бастап бірінші курс үшін біз толық мәнді кредиттік жүйені енгіздік. Бұл оқытушылар арасында бәсекелестік тудыратыны анық, – деді академиялық жұмыстар жөніндегі проректор Ринат Искаков. – Әрине, олардың арасында тек бір ғана оқытушы сабақ беретін шағын кәсіптік пәндер де бар, сондықтан ол таңдауға түспейді. Егер де студент сондай пәнді оқығысы келетін болса, сол оқытушыға баруға тура келеді. Ал енді математика, физика, философия пәндеріне келетін болсақ, егер де бірінші курс студенттері бір оқытушымен келісе алмайтын болып жатса, бірінші семестрден кейін сол пәннен беретін басқа оқытушыны таңдауға мүмкіндігі бар. Егер де ол оқытушының бос уақыты болса, әрине».
Сөйтіп, семестр басталғанша студент өз шешімін оқу порталында онлайн түрде кез келген уақытта өзгерте алады. Мұндай мүмкіндік әзірге тек бірінші курс студенттеріне ғана беріліп отыр. Ал ескі оқу порталы сол күйінде 2-, 3-, 4-курс студенттері үшін қызмет көрсете береді, алайда біраз уақыттан кейін ол өз қызметін тоқтатады.